Қармақшы. Аудан бойынша «Сыбаға» бағдарламасын орындау және мүйiздi iрi қара малын тұқымдық түрлендiруге қатыстырып, тұқымын жақсарту мақсатында біршама жеке қожалықтардың мүйiздi iрi қара мал тұқымын асылдандыруға байланысты келiсiм жасалып, ауылдық елдi мекендердi ет бағытындағы асыл тұқымды бұқамен қамту жұмыстары жүргізілді.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Сыбаға» бағдарламасының аясында «Қазагроқаржы несие корпорациясы» АҚ Қызылорда филиалынан үстiмiздегi жылы 26,0 млн теңге несие алынып, 2013 жыл көлемiнде алынған несие қаржысының 65,7 пайызын алу қамтамасыз етiлдi.
Аудандағы мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруашылық субьектiлерi мемлекеттiң мал шаруашылығы саласын дамытуға жасап жатқан қаржылай қолдауларын кеңiнен пайдалануда. Өткен жылы аудандағы мал шаруашылығы саласын дамытуда кәсiпкерлердiң қатары көбейiп, аса бағалы шұбат, қымыз өндiрiп, оны сауда орындары арқылы сатуда iлгерiлеушiлiктер болды. Жалпы мал шаруашылығы саласына қаржылай қолдау көрсету 2012 жылы 4630,0 мың теңге болса, 2013 жылы 12330,5 мың теңге төленiп, өткен жылдан қаржылай қолдау сомасы 2,7 есеге артты. Оның iшiнде «Сыбаға» бағдарламасымен жұмыс iстеп жатқан кәсiпкерлiк субьектiлерiне 2012 жылы 3974,0 мың теңге, ал 2013 жылы 9093,7 мың теңгеге субсидияланып, 2,3 есеге артты.