Қазалы. Аудандағы Кәукей ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Ибалы келін» атауымен ауыл келіндері арасында сайыс өткізілді.
Әрбір отбасының ұйтқысы болып отырған жас келіндерді халыққа таныстыра отырып, оларды инабаттылыққа және ибалылыққа тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған мәдени шараға төрт келін қатысты. Олар өздерін көпшілікке таныстыру, сұраққа жауап беру, ардақты Ана бейнесін сомдау, өз өнерлерін ортаға салу, ас мәзірін және қолөнер бұйымдарын дайындаудан сынға түсті. Сайысқа ауылдың көп бала тәрбиелеп өсірген батыр ана, ардагер Мадина Жұмабаева, ауыл ауруханасының бас дәрігері Дәмегүл Омарова, «Әйтеке би кенттік және ауылдық клубтар» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының әдіскері Мөлдір Малдыбаева төрелік жасады.
Қазылар алқасының қорытындысымен сайыстың нәтижесінде №225 мектептің мұғалімі Бағлан Тәуекелова «Үлгілі келін» номинациясымен, №225 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Сағынова «Көрермен көзайымы» номинациясымен, №225 мектеп жанынан ашылған «Қыр бөбегі» шағын орталығының тәрбиешісі Мөлдір Дастанова «Өнерлі келін» номинациясымен, №27 «Бөбек» балабақшасының тәрбиешісі Жанат Нағзалиева «Ибалы келін» номинациясымен марапатталды. Өзгеге үлгі боларлық ауыл келіндеріне арнайы дипломдар мен сый-сияпаттар табыс етілді.