Қармақшы. Аудандағы Алдашбай ахун ауылында аудандық Жыраулар үйінің ұйымдастыруымен сол елде өсіп-өнген, сөз өнерінің шеберлері Бекен мен Махан жыраулардың ұрпақтарының демеушілігімен «Мақам-мәңгілік мәйегі» атты аудандық жас жыршылар байқауы, ауыл тумасы Райымбек Қиясов атындағы жүлде үшін түйе палуандар белдесуі, ат жарыстары өткізілді.
Байқауларға қатысқан барлық жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен бірге, асқа арнайы келген айтыскер ақын Мамыр Байдәулетов өзінің арнауын айтса, республикалық жыр-терме байқауларының бірнеше дүркін жүлдегері, қобызшы-домбырашы Марат Сүгір мен Нартай мектебінің шәкірті, жас сырнайшы Мұхамбетәлі Бекпейісов, жыршы-термешілер Қасарбек Кәрібаев, Балтабай Бедебаев, жас өнерпаз Әлішер Мырзағалиевтер жыр-термеден шашу шашты.