Ағымдағы жылдың 3 айында Қызылорда облысында 61 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 8 адам қайтыс болып, 68 жарақат алған. Жол көлік оқиғаларын азайту мақсатында жиі ұйымдастырылатын осындай іс-шаралардың нәтижесінде жол апаты өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға төмендегенін байқатқан.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлаынша, еліміздің автокөлік жолдарында жаяу жүргіншілер салдарынан орын алатын аппаттардың саны соңғы уақытта арта түскен. Айталық, 2014 жылдың 2 айында республика жолдарында 2 мың 531 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 244 адам қайтыс болып, 3 мың 153 адам дене жарақаттарын алған. Осы апаттардың әр бесіншісі жаяу жүргіншілердің кінәсінен болған. Жаяу жүргіншілермен орын алатын жол көлік оқиғалары жолды белгіленбеген жерден кесіп өту, бағдаршамның қызыл түсіне жүру сияқты ережені бұзу салдарынан орын алып отыр.
Осы жағдайларды болдырмау мақсатында Қызылорда ОІІД Әкімшілік полиция басқармасының бастамасымен облыс көлемінде «Назар аударыңыз - бағдаршам!» ұйымдастырылды. Шара аясында жол-патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген түрде рейдтік іс-шара жүргізіп, нәтижесінде облыс бойынша бір күнде 300-ден астам жол қозғалыс ережесін бұзу анықталса, оның 11 дерегі жаяу жүргіншілердің қатысуымен орын алған.
Жыл басынан бері қызылордалық жол-патрульдік полиция қызметкерлері жаяу жүргіншілердің және жол қозғалысына өзге де қатысушылардың қозғалыс ережелерін бұзудың 842 дерегін анықтаған. Оларға Қазақтан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 473 бабы 1 бөлігі бойынша хаттама толтырып, 7 млн. 796 мың 920 тенге айыппұл салған. Бүгінгі таңда оның 7 млн. 537 мың 640 тенгесі өндірілген.