Арал. Аудан әкімі Мархабат Жайымбетов өңірімізді елімізге танытып жүрген бірқатар сала қызметкерлері мен өнерлі бүлдіршіндерге құрмет көрсетті.
Ұлттық бизнес рейтингі бойынша «Сала үздігі» Ұлттық сертификатымен «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі марапатталды. Аталған бірлестіктің атқарушы директоры Айнагүл Баймахановаға «Сіңірген еңбегі мен жетістіктері үшін», президенті Жұмалы Әбіловке «Даңқ жұлдызы» ордені табыс етілді. Сондай-ақ «Жыл маманы» Ұлттық сертификаттарымен Серік Дүйсенбаев пен Айгүл Өтегенова марапатталды.
Алматы қаласында өткен VІ республикалық «Асыл мұра» ән-би байқауында Арал ауданынан қатысқан ән жанры бойынша Жаннұр Аманбаева бас жүлдені, Асылбек Қасым, Дәулеткерей Қуантқанов І орынды жеңіп алды. Сонымен қатар өнер мектебінің «Шаттық» би тобы би жанры бойынша Бас жүлдені қанжығаларына байлап қайтты. Ұстаздары Алтынкүл Омарова мен Райла Исмагуловаларға Алғыс хаттарын табыс етті.