Қызылорда. Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1355-2004 жылғы Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қылмысқа қарсы күрестің 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасының» талабына сәйкес, 2007 жылдың маусым айынан бастап облыс орталығында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, жол қозғалысы ережесін бұзғандарды анықтау мақсатында 16 сыртқы бейнебақылау камералары орнатылды.
Облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өз кезегінде, бейнекамералар өздерінің басқа да құқық бұзушылықтар мен қылмыстылықпен күресте тиімділігін көрсетіп, «Қызылорда облысындағы құқық бұзушылықтар профилактикасы өңірлік бағдарламасын» іске асыруда «Қауіпсіз аула» Қағидатына сәйкес қоғамдық орындарда, көпқабатты үйлердің аулалары мен көше-жол тораптарына 2013 жылы 100 дана бейнекамералар орнатылып, жалпы саны 216-ға жетіп, олардың 106-сы көше қиылысында, 96-сы көпқабатты үйлер ауласында, 8-і ҚАЖ түзеу мекемесінде және 6-сы мешіттерде орналасқан.
Жедел басқару орталығының техникалық мүмкіндіктерін пайдалану нәтижесінде 2014 жылдың 3 айында 71 (бұзақылық-30, авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу-28, ұрлық-7, автокөлікті заңсыз иелену-3, тонау-2, қарақшылық-1) қылмыстың «ізін суытпай» ашылса, әртүрлі бағыттағы 8131-і құқық бұзушылық анықталып, оның 5875-сі жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі ашылды. Сонымен қатар, есепті мерзімде Ішкі істер министрлігінің 2013 жылғы ақпанның 06 күнгі нұсқауында көрсетілген «Мүлдем төзбеушілік» Қағидатына сәйкес қоғамдық орындар мен көшелерді ластау және коммуналдық қалдықтарды тастау секілді 769 ұсақ бұзақылықтар анықталып, олар бойынша мамандандырылған әкімшілік сотымен шешімдер қабылданды.