Сырдария. Аудан орталығы – Тереңөзек кентінде көп жылдардан бері тұрғындар тарапынан жиындарда айтылып келе жатқанымен, пайдаланылмай тұрған жатақхана мәселесі өз шешімін тапты.
Биылғы жылы кенттегі аграрлық-техникалық колледжінің ескі жатақхана ғимаратын, қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен 213,2 млн. теңге бөлінді. Қайта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін жас отбасыларға арналған 36 пәтер және колледж студенттері үшін 50 орындық жатақхана пайдалануға беріледі деп күтілуде. Әсіресе ауылдардан келген колледж студенттері үшін өте тиімді болмақ. Бүгінде колледжде 180 студент білім алса, оның ішінде 100 студент елді - мекендерден келіп оқиды екен. Қазіргі таңда бұрынғы жатақхана ғимараты ауданның коммуналдық меншігіне алынып, жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Ғимаратты қайта жаңғырту жұмыстары таяу арада басталмақ.