Сырдария. Бүгiнде қолөнер шебері Сауранбек Жүсіпов ауылдастарының ықыласына бөленіп жүр. Қоғалыкөл елді-мекеніндегі №44 орта мектептің технология пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады.
Қолынан өнер тамған Сауранбекке ұсталық әкеден тараған. Алғашқыда тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған кейіннен тапсырыс берушілер талғамына көңіл аудара бастаған. Ісі алға басып, ағаштан түрлі бұйымдар жасап жүр. Ағаш бұйымының сапалы болуы да шарт. Сондықтан қолөнер шебері Сыр талы, терек, қара ағаш, жалпы айтқанда, барлық ағаш түрлерін қолданады. Қасық жасау үшін жидені пайдаланса, жиденің тамырынан домбыра жасайды. Ағаш бұйымдар қатарында қымыз құятын ыдыстар, айран пісетін күбілер бар. Жасалған бұйымдары республикалық, облыстық, аудандық көрмелерге қойылып келеді. Арнайы жүлделерге де ие. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қоғамда "Ұлттық құндылықтарды сақтау мен насихаттау" жобасы аясында ұйымдастырылған "Дәстүрлі қолөнер шеберлерінің" байқауында "Ағаш шебері" номинациясына ие болды. Сондай-ақ, облыс әкімінің қолдауымен өткізілген мәдениет басқармасының ұйымдастырған Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы мерекесі аясында өткен Сыр өңіріндегі шығармашылық өкілдері арасындағы облыстық "Елім менің" конкурсының "Қолданбалы өнер" номинациясының жеңімпазы атанды.