Қызылорда қаласында ерлер мен әйелдер арасында кикбоксингтен Қазақстан чемпионаты өтеді. Бұл дүбірлі бәсеке 14-19 мамыр аралығында Венгрияның Сегед қаласында болатын Әлем кубогына және 21-28 маусым аралығында Иорданияның Амман қаласындағы Азия чемпионатына іріктеу жарысы болмақ.
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық облыс орталықтарынан 200-ге жуық спортшы қатысады. Олардың қатарында Әлем чемпиондары оңтүстікқазақстандық Нүркен Төлегенов, атыраулық Абзал Дюсупов, павлодарлық Саян Жақыпов, шығысқазақстандық Бауыржан Құдайбергенов, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері оңтүстікқазақстандық Бабуржан Артықбаев, Әлем кубогының күміс жүлдегерлері, қызылордалықтар Бекжан Кенжеғұлов пен Жалғасбай Әбшекеновтер бар. Жарыс кикбоксингтің фулл-контакт, К-1 жүйелері бойынша 31 салмақта өтеді. Ерлер арасында 24 салмақта (фулл-контакт, К-1), әйелдер арасында 7 салмақта (фулл-контакт). Осы жарыстан чемпион атанған спортшыға ҚР спорт шебері атағы беріледі. Жарыс 30 наурызға дейін созылады.