Сырдария. Ауданның Бесарық ауылындағы "Қазына" шаруа қожалығы сүт бағытында асыл тұқымды ешкі өсіру мен 3000 бас тауық фермасын салуды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде аудан әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады.
Емдік қасиеті бар ешкі сүті мен жұмыртқа өндіру ауылда кәсіп көзіне айналмақ. Бұл жобалардың қуаттылығы тәулігіне 300 литр сүт пен жылына 900 мың жұмыртқа өндіру болып табылады. Бүгінгі күннің басты назары бағаның тұрақтылығын ұстауға түсіп отыр. Осы тұрғыда жұмыс жасау үшін Руслан Сейтмұратов ауылда ет, сүт бағытында мал ұстамақ. Жобаның құны өз қаражаты негізінде жүзеге асырылады. Жаңадан ашылатын жұмыс орнында 25 адам жұмыспен қамтылады. Кеңшардағы төртінші жоба ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының есебінен салынады. Жеке кәсіпкер Берікбол Ошаманов мал бордақылау алаңы мен 500 бас тауыққа арналған қоражайды үстіміздегі жылы аяқтамақ ниетте. Бұл жобаның құны 3 млн.теңгені құрайды.