Жалағаш. Аудан әкімі киіз үйде жастармен бірге қымыз ішіп, ұлттық құндылықтар тақырыбында ой бөлісті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шара бұл жолы ерекше сипат алды.
Ауданның белсенді жастары, жұмыссыз жастары, жас кәсіпкерлер, сала мамандары және қонақ болып келген облыстық жастар ұйымының өкілдері аудан әкімі С.Сермағамбетовпен ұлттық салт-дәстүр, жастар тәрбиесінде ұлттық тәрбиенің маңыздылығы тақырыбында ой бөлісті. Аудан әкімі ұлттық мейрамның қарсаңында қазағымыздың киіз үйінде жастармен кездесіп, ұлттық салт-дәстүріміз жайлы сөз қозғап, бүгінгі жағандану заманында ұлттық салт-дәстүрімізді сақтау арқылы ғана біз ұлт болып қала береміз, ол үшін осындай игі шаралар кеңінен ұйымдастырылып, еліміздің жастары салт-сананы, ұлттық идеологияны қалыптастыру керек екенін айтты. Шарада ұмыт болған ойындар, құда түсу, қыз алып қашу, бата беруге қатысты пікір алмасулар көп болды. Жастар осы тақырыпта басынан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісіп, Қазақтың қара шаңырағында қазақтың қара домбырасынан күй төгілді.