Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылында ең үлкен жеті күлше пісіріліп, бата беру сайысы өткізілді.
Сыр өңірінің жұртшылығы Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін ертерек тойлай бастады. Жер-жерде мерекеге байланысты түрлі іс-шаралар өткізіліп отыр. Солардың бірі – Жаңаталап ауылында ұйымдастырылды. Наурыздың сәнді-салтанатты шарасын жарапазаншылар тобы бастады. Олар ауыл ортасындағы бас алаңға жеткенше жол бойына жар салып, халықты тойға шақырды. Мерекелік шара барысында ауыл тұрғындары сайысқа түсті. Олар ең үлкен күлше, ең дәмді наурыз көже, қазақы салт-дәстүрлерден көрініс, бұрымды қыз, бата беру сайыстарында бақ сынады.
Жалағаш ауданы ішкі саясат бөлімінің басшысы Абзал қанбаевтың айтуынша, диаметрі 1 метрге жететін ең үлкен күлше халыққа таратылды. Әрбір сайыс бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға бағалы сыйлықтар табысталды.