Қазалыда Наурызда этно ауыл жасалмақ

Қазалыда Наурызда этно ауыл жасалмақҚазалы. Наурыз мерекесінде Қазалы ауданында этно ауыл жасалмақ
Бұл жөнінде аудан әкімдігінің тұрақты кеңесінде аудан әкімі аппаратының басшысы Рахметов Ғалымжан хабарлады.
Ұлыстың ұлы күніне арналған дайындық жұмыстары Қазалыда қазірден-ақ басталып кетті. Бүгінде Қазалы ауданында қала, кент, ауылдық округтерді тақырыптық безендіру жұмыстары жүргізілуде.
Мереке аясында халықтың барынша көп қатысуын қамтамасыз ету мақсатында театрландырылған қойылымдар, концерттер, ұлттық дәстүрді бейнелейтін сайыстар мен спорттық жарыстар, қайырымдылық көмектер ұйымдастырылмақ.
22 наурыз күні Орталық алаңда 6 киіз үй, жастар шатыры және этно ауыл орналастырылатын болады. Этно ауылда ұлттық дәстүрімізді насихаттайтын көріністер: келі түю, ауылдағы той көрінісі, зергерлік бұйымдар орналастыру, әжелер ансамблінің өнері, ұлттық тағамдар ұсыну сынды қазақы ауылдың наурыз мерекесін атап өту барысы бейнеленбек. Шараның маңыздылығына баса мән берген аудан әкімі Бахыт Дүйсенұлы сала басшыларына тек концерттік бағдарламалар, көпшілік серуендер ұйымдастырумен ғана шектеліп қалмай, ізгілік мерекесінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен тұрмысы төмен отбасыларына, қамқоршысы мен қорғанышы жоқ отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған қайырымдылық акцияларды кеңінен өткізуді жүктеді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 наурыз 2014 г. 1 139 0