ҚАРИЯСЫН ҚАДІР ТҰТҚАН ЕЛ АЗБАС

Шиеліде қадірменді ақсақалдар елдің ынтымағы мен берекесінің ұйытқысы болып келеді. Көпті көрген көнекөздерді жерлестері де құрмет тұтады. Бұл орайда сексен жастың төріне көтерілген алдыңғы толқын ағалардың өнегелі жолын насихаттаудағы аудан ардагерлер кеңесінің ұсынысы аудан әкімдігі тарапынан қолдау тапқаны сүйсінерлік. Биылғы Наурыз мерекесі аясында аудандық мәдениет үйінде ауданның экономикалық-әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосқан құрметті азаматтар Рахым Мәуияұлы, Сейілбек Аманжолов, Мүтәліп Жантөреевті ардақтаған «Сексеннің шықты биыл сеңгіріне» атты шара ұйымдастырылды. Оған шара кейіпкерлерімен бірге, туыстары мен ұрпақтары, алыс-жақыннан келген қонақтар, жалпы жұртшылық көптеп қатысты.

Шара барысында аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ел ағаларын мерейлі мерекесімен құттықтады. Өнегелі өмір соқпақтарында адал еңбектің ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық болмысымызды үкілеп келе жатқан үлгі тұтар тұлғаларын ардақтаудан жаңылмаған қазақы дәстүріміздің тағы бір көрініс беруі заңдылық деп, ризашылық лебізін  білдіріп сый-сияпат жасады. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов аталы сөз айтты. Сондай-ақ, 90-шы жылдары осы ауданның басшылығында болған Ибрагим Әбибуллаев, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Алмагүл Божанова жүрекжарды құттықтауларын арнады. Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұлтанбек Оразымбетов те сөз сөйлеп, жөн-жоралғысын жасады. Сексен жастың төріне көтерілген ақсақалдар да ағынан жарылып, өздеріне көрсетілген құрметке ризалық танытты.    

Аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері кештің барынша тартымды өтуіне қызмет жасап, шара барысын әсем әнмен әспеттеп отырды.

Иә, адам еңбегімен бағалы. Қоғамның бел ортасында жүру, замандастарымыздың жақсы қасиеттері мен өнегесін көрсету ұрпақтар сабақтастығымен осылайша жалғасып жатуы тиіс.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.

 Шиелі ауданы
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2018 г. 638 0