« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Алдағы күндері Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өтеді. Ауқымды жиын «Бес әлеуметтік бастама – қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры» тақырыбын қамтитын болады.
Бұл туралы Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко бастаған мәжілісмендердің аймақтың ҚХА өкілдерімен, ардагерлермен, ғалымдармен өткен басқосуында айтылды.
Жиын модераторы, облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қоғамдағы ассамблеяның рөлі жайында, көпэтносты мемлекетті біріктіретін күш бірлікте екенін атап өтті. Сондай-ақ, Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының мән-маңызына тоқталды. Ал Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары, «Қазақстан, орыс, славян, казак ұйымдары ассоциациясы» заңды тұлғалар ұйымының төрағасы Владимир Божко алдағы сессияда қозғалатын мәселелер төңірегінде сөз өрбітті.
– Біз «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» қолданыстағы заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесін қарап, шешім қабылдадық. Онда Ассамблеяның міндеті, құрылымы, қоғамдағы маңызы, этномәдени бірлестіктердің білім жетілдіруін, тіркелуін реттейтін мәселелер қамтылған. Бүгінде бірлестіктердің барлығы Қазақстан халқы Ассамблеясының алдында тұрған міндеттерді орындауға жұмыла кіріспегені байқалып отыр. Ұлт бірлігі мен ынтымағын бекіте түсу үшін этномәдени бірлестіктер өз жұмысын жандандыра түсуі қажет, – деді Владимир Божко.
Бұған дейін Парламент мінберінде ассамблеяның рөлін, құрылымын, мақсат-міндетін айқындайтын мәселе қаралған болатын. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс бүгінде Сенаттың қарауына жіберілді. Онда мәжілісмендер барлық этномәдени бірлестіктердің тіркеуден өтуін жолға қоюға баса мән берген.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігінің жетекшісі Галина Щербакова атап өткендей, этномәдени бірлестіктер Елбасының бес әлеуметтік бастамасы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламаларын жүзеге асыруға үлкен үлес қосып отыр. Олар «Туған жер», «Қазақстанның рухани жәдігерлері», «100 жаңа есім», «Әліпбиді латын тіліне аудару» бағдарламаларын жүзеге асыруда белсенділік танытуда. Биыл «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігі өзінің жиырмажылдық мерейтойын, татар этномәдени бірлестігі Қызылорда қаласының құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз Нағима Ахмадееваның 100 жылдығын атап өтті. Ал, корей бірлестігі облыс әкімінің кубогі үшін бал билерінен халықаралық турнир ұйымдастыруда. Барлық этномәдени бірлестіктер жалпыұлттық «Қайырымдылық керуені» акциясына тұрақты қатысып тұрады.
Жалпы, қазіргі таңда Қазақстанда барлық ұлт өкілдерінің мәдениеті мен тілі және дәстүрінің жандануына қажетті жағдай жасалып отыр. Этномәдени бірлестіктер жыл сайын артып, бүгінде оның саны 800-ге жетті.
Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |