Теңізді түлетудегі қадам қарқынды жалғасады

САРАТС-2 (Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау) жобасының 4 компоненті биыл республикалық бюджет есебінен жүзеге асырыла бастайды. Премьер-­Министр Бақытжан Сағынтаевтың Арал ауда­нының активімен кездесуінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев осылай мәлімдеді. 

Жиында Солтүстік Аралды сақтау және суармалы жерлердің мелиоративті жағдайын жақсарту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Үкімет басшысы Арал өңірінің жағдайы әрдайым Елбасы назарында екенін жеткізді. Президенттің тапсырмасымен атқарылған шаралар нәтижесі теңізді аудандағы тіршілікті түлете түсті.

Мысалы, 2003 жылы теңіз бен қаланың аралығы 70 шақырым болса, қазір бұл қашықтық 17 шақырымға дейін азайды. 15 жылда ауданда балық аулау көлемі 83 есе артты. Әсіресе, соңғы жылдардағы көрсеткіш еселеніп отыр. Бұрын балықтың тек 7 түрі қалса, былтыр олардың саны 22-ге көбейді. Қазіргі кезде облыста 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Оның 4-і соңғы 5 жылда салынған.

Аралдың жандануы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіп орындарының саны 3-тен 7-ге көбейді. 2003 жылы жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 874 болса, 2017 жылы олардың қатары 3266-ға артты. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер саны 2 есе өсті. Соңғы 15 жылда 29 медициналық мекеме мен 31 мектеп салынды. 2003 жылы 7 балабақша болса, бүгінде бұл көрсеткіш 52-ге өсті.

Елбасының бастамасымен өңірімізге серпін берген САРАТС жобасының екінші кезеңі шеңберінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 4 компонент республикалық бюджет есебінен іске асырылады. Соның ішінде «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу, қорғаныс бөгеттерін нығайту, өзен арнасын түзету, Қазалы ауданындағы Бірлік елді мекенінің тұсында көпір салу қарастырылған. «Қызылорда» су торабын кешенді жөндеу компоненті бойынша инвестициялық ұсыныс әзірленіп, Ұлттық экономика министрлігіне жолданды.

– Өткен ғасырдың елуінші жылдары салынған су торабы бүгінгі күні апатты жағдайда және оның үстімен автокөліктердің жүруіне 2014 жылдан бастап тыйым салынған. Ол бұзылған жағдайда шамамен 400 мың адам тұратын Қызылорда қаласы мен үш ауданның аумағында 110 мың гектар суармалы жер, 250 мың гектар шабындық пен жайылымдық сусыз қалады, 38 елді мекенді су басу қаупі туындайды, – деген облыс әкімі кешенді жөндеуді көпке созбау керектігін қаперге салды.

Ал Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданының «Тұрымбет» және «Қорғанша» учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзету компоненттері бойынша мемлекеттік сараптама нәтижесін күту қалды. Одан кейін аталған компоненттер республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылмақ. Қазалы ауданындағы Бірлік ауылының маңында автомобиль көпірін салу бағытында тиісті құжат әзірленіп, бюджеттік өтінім Инвестициялар және даму министрлігіне ұсынылады.

Аймақ басшысы САРАТС-2 жобасын Дүниежүзілік Банктің қаты­суымен жүзеге асыру жұмысы 12 жылдан бері кейінге шегеріліп келе жатқанын, оны созудың енді жөні жоқ екенін айта келе, бірқатар шараны қарастыруды ұсынды.

Ендігі мәселе, 2005 жылы САРАТС-1 жобасы аясында салынған 13 шақырымдық «Көкарал» бөгетінің 135 метрін су шайып, мүжіп тастаған. Сырдария өзенінің Арал теңізіне құяр тұсындағы «Ақшоқат» учаскесінде солға қарай жаңадан екі арна пайда болды. Осыдан да өзен ағысы Кіші Арал теңізінің «Көкарал» бөгетіне әсер ете бастады. Аймақ басшысының айтуынша, ол бұзылған жағдайда Кіші Арал теңізінің 27 млрд текше метр суы Үлкен Аралға құйылып, жаһандық экологиялық апат болуы әбден мүмкін.

САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру бойынша пікір білдірген Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев облыс басшысының ұсынысын қуаттады.

– Қазір бізге су қисапсыз келіп жатыр. Бірақ алдағы уақытта су тапшылығы қайталануы мүмкін. Сондықтан, көрші мемлекеттермен келі­сімді жүйелеу қажет, – деді комитет жетекшісі.

Қазақ КСР Балық шаруашылығының бұрынғы министрі Құдайберген Саржанов Арал теңізін түлетудегі қажырлы істер, бұрын көшіп кеткен аралдықтардың атақонысқа қайта орала бастағаны көңіл қуантатынын тілге тиек етті.

– Өткен жылы Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен Қызылордада бірінші Арал халықаралық тұрақты дамыту форумы ұйымдастырылды. Сонда халықаралық Аралды құтқару қорының құрылған күні 26 наурыз «Арал теңізінің күні» болып белгіленді. Күні кеше біз қордың 25 жылдығын және «Арал теңізінің күнін» атап өттік. Оның сыртында бұрын дүркіреп өтетін Балықшылар күні басқаша форматта, ауқымды көлемде қайта тойлана бастады. Бұл балықшылардың үміті мен сенімін оятты, – деді еңбек ардагері.

Жиын қорытындысында Премьер-министр айтылған ұсыныстар мен ой-пікірлерді Мемлекет басшысына жеткізетінін, теңізді түлетудегі қадамдар қарқынды түрде жалғасатынын айтты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2018 г. 575 0