« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Арал ауданында болды. Онда Үкімет басшысы балық шаруашылығының даму барысымен танысты.
САРАТС жобасының іске асып, «Көкарал» бөгетінің салынуы теңіздегі тіршілікке дем берді. 2000 жылмен салыстырғанда, балық аулау көлемі 20 есеге өсті. Өткен жылы 8740 тонна балық ауланса, оның 3410 тоннасы экспортталған. Бұл туралы Үкімет мүшелеріне Арал ауданындағы балық өңдеу зауытының жұмысын таныстырған облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов мәлімдеді.
Тоқсаныншы жылдары Елбасы Аралдың әлемдік апат екендігіне дүниежүзілік қауымдастық назарын алғаш рет аударды. Президент бастамасы бойынша «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы жүзеге асты. Бастама аясындағы жұмыстар нәтижесінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жанданды. Әсіресе, балық шаруашылығы серпін алып, аквамәдениет аяғынан тұрды. Бүгінгі таңда облыста жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан аса өнім шығаратын 8 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуі соңғы 5 жылда салынған. Сондай-ақ, «еурокод» белгісі бар 4 зауыт өнімі экспортталып, шекара асады. Өткен жылы 3410 тонна балық өнімі 9 мемлекетке жөнелтілген. Бүгінде Ресей, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Польша, Голландия, Дания, Германия және Қытай елінде Аралдың балығына сұраныс бар.
– Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «ғасыр жобасы» - «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС-1) жобасы балық шаруашылығын дамытуға мол мүмкіндік берді. Қазір балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге артты, 2017 жылы балықшылар табысы 8740 тоннаға жетті», − деді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов.
Балық өңдеу зауыттарын қосымша шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында өңірдің аквамәдениеті де дамыды. Өткен жылы облыстағы 10 шаруашылық 107 тонна тауарлы балық өсірген. Биылғы жоспар – бұл көрсеткішті 130 тоннаға жеткізу.
Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар. Қазір Аралдың балығы Ресейде де өңделеді. «СПК Қызылорда балық» ЖШС құрылтайшысы, жергілікті кәсіпкер Аманбай Ерхатов 2016 жылы Ресейде де зауыт салды. Кәсіпорын – Ульяновск облысы, Димитровград қаласында. Бүгінде өңделген су маржаны Мәскеу және Санкт-Петербургтің сауда орындарында сатылуда.
Қызылорда облысында 22 балық өңдеу кәсіпорны бар, оның ішінде төртеуі Еуропалық Одаққа, үш кәсіпорын Қытайға, ал тоғызы Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне өнім экспорттайды.
ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес өткен жылы елімізде балық және балық өнімдерін экспорттау көлемі 56 млн АҚШ долларына жеткен. Осының ішінде Сыр балықшыларының экспортқа қосқан үлесі 12 млн доллар болып отыр.
Ал біз жұмысымен танысқан «Арал балық өңдеу зауыты» ЖШС-да жылына 300 тонна балық өңделіп, Ресей мен Еуропа нарығына жол тартады.
– Балық өңдеу зауыты 2009 жылы құрылды. Қазір 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусым кезінде 100-120 адамға дейін көбейтеміз. Қазір зауытта өнімнің 13 түрі шығарылады. 2017 жылы Еуропаға 220 тонна, Ресейге 80 тонна балық жөнелттік. Биылғы межеміз – 400 тонна. Еуропада, әсіресе, көксерке өтімді, – дейді атқарушы директоры Гүлмира Рысмамбетова.
Зауытты аралай жүріп, балық өңдегенде жылдамдығына көз ілеспейтін Марал Бейсеналиевамен жолықтық. Балықты дұрыс бөлу де – өнер. Іске аса икемділігінің сыры он сегіз жасынан бері балық шаруашылығында қызмет етуінен деп ұқтық.
– 1978 жылдан бері балық шаруашылығында жұмыс істедім. Теңіздің тартылуына байланысты атакәсіптен бірнеше жыл қол үздік. «САРАТС» жобасы жүзеге асқаннан бері теңіз жанданды. Біз де ата кәсіпті жаңғырттық. 2009 жылы зауыт құрылып, балық өңдеушілік кәсібіме оралдым. Бұл – маған қуаныш сыйлайтын жұмыс. Келер жылы зейнетке шығамын, – дейді ол.
Сапар барысында «Арал» Сервистік дайындау орталығы» ЖШС балық өңдеу зауытының атқарушы директоры Әділбек Айымбетов Сырдарияның сағасын өзгерту туралы ұсыныс айтты. Мәселенің шығу себебі мен шешілу жолы да қарастырылды.
– Қазір Сырдария өзені арнасын өзгертіп, тікелей «Көкарал» бөгетіне құйып тұр. Бұл бөгетке қауіпті. Екінші мәселе, сол сумен бірге балық кетіп жатыр. Бүгінгі таңда ұсыныс бар. Мәселені шешу мақсатында екі-үш жерден дарияның сағасын өзгерту керек. Қазіргі сағасын бөгеп, бұрынғы сағасымен жіберген дұрыс болар еді.
Екінші, суды Қарашалаң көлі арқылы жіберуге болады. Үшінші жолы, дарияның бір бөлік суын Тұщыбас көлі арқылы жіберу керек. Сол кезде дарияның суы тең етіп құйылады, Кіші теңіздің суы тұщыланады, – дейді ол. Бұл мәселе бойынша қазір облыста тиісті құжаттар әзірленуде.
Аралдың толған айдыны – жағалай қонған халықтың айбыны. Кіші Арал ернеуінен асса, елдің де еңсесі биік, еңбегі өнімді. Бүгінде теңіз жағалауы аудан орталығына 17 шақырымға жақындады.
САРАТС жобасының екінші кезеңі жүзеге асса, Кіші Арал кемелденіп, балық аулау көлемі 30 мың тоннаға жететін болады.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |