« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев «Қараөзек» компрессорлық станциясына барды. Мұнда Үкімет басшысы Президенттің бесінші әлеуметтік бастамасы – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» шеңберінде «Сарыарқа» магистральді газ құбырының құрылыс жоспарымен танысты. «Қызылорда-Жезқазған» автожолын дамыту перспективаларына да тоқталды.
Мемлекет басшысы биыл «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуінде «Сарыарқа» магистральді газ құбырын салу жобасын іске асыруды тапсырды. Бұл жоба «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша жүзеге аспақ. Ел тұрғындарын газбен қамтамасыз етуді жақсартуды Үндеудегі бесінші бастама ретінде белгілеген Елбасы газ тасымалдау инфрақұрылымын дамытудың еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық мәні зор екенін атап өтті. Аталған жобаны іске асыру «көгілдір отын» игілігін көретіндерді көбейтумен қоса, Астанада ауаға тасталатын зиянды қалдықтарды жылына 36,1 мың тоннаға дейін азайтуға көмектеседі. «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыровпен тілдескенімізде де, ол жаңа жобаның игілігі мол екенін, «Сарыарқаның» магистральді газ құбыры бойындағы инфрақұрылымды белсенді дамытуға, табиғи газды пайдалануға қатысты жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретінін жеткізді.
– «Қараөзек» станциясы Қазақстан кен орындарының батыс топтарынан (Қарашығанақ, Қашаған, Теңіз, Жаңажол және Өріктау газы) табиғи газды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистральді жүйесінде жұмыс істеуге бағытталған. Ол қазақстандық газды Қытайға экспортқа тасымалдауды қамтамасыз етіп отыр. Техникалық-экономикалық негіздемеге сәйкес, бүгінде «Сарыарқа» МГҚ-ын «ББШ» МГҚ-ның 988 шақырымында жалғау жоспарлануда. Бірінші кезеңде ұзындығы 1081 шақырым «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Астана» бағыты бойынша магистральді газ құбырының құрылысы межеленген. Екінші кезеңде ұзындығы 276 шақырымдық «Астана – Көкшетау» газ құбыры тартылады. Үшінші кезеңде 177 шақырымға созылатын «Көкшетау – Петропавл» учаскесі тұр. Соңғы, төртінші кезеңде аталған газ құбырынан газ тұтынудың болжамды ұлғаюын есепке ала отырып, магистральды газ құбырының өткізгіштік қуатын жылына 3 млрд текше метрге дейін жеткізу үшін «Жезқазған» және «Теміртау» компрессорлық станциялары тұрғызылуы қажет. Магистральды газ құбырын толтыру және тұтынушыларды газ жеткізумен қамтамасыз ету мақсатында Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана әкімдіктері 2019 жылдың шілдесіне дейін газ құбырының аяқталуын синхрондау арқылы газ тарату желілерін жобалайды. Оған тиісінше қаражат тарту қажет, соның ішінде халықаралық қаржы институттарынан да. Бұл 2,7 млн адамды газбен қамтамасыз етумен қатар шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік береді, – деді М.Шаңбатыров.
Айта кетейік, «Қараөзек» компрессорлық станциясының жобасын әзірлеген кезде Астана қаласын, еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газдандыру қажеттігі қаперге алынған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы: «Еліміздің орталық аймақтарын, Астананы «көгілдір отынмен» қамтамасыз ететін газ құбыры желісін жобалап, оны жүзеге асыруға кірісу керек. Бұл – көп шығынды қажет ететін жұмыс, алайда газға тәуелділіктен құтылу үшін мұны жасау қажет. Қазақстан – мұнай мен газ өндіретін мемлекет, сондықтан елімізді газдандыру үшін қандай қиындыққа болса да қарамай, бұл іске кірісуге тиіспіз», – деген болатын. Ал бұл мақсатты орындауға станция қуаты толығымен жетеді деуге болады. Жоғары техникалық күрделілігіне қарамастан, «Қараөзек» станциясы мерзімінен жарты жыл бұрын іске қосылды. Бұл үшін «ҚазТрансГаз» компаниясы резервіндегі газ айдайтын қондырғылар пайдаланылды. Осылайша, мемлекеттің миллиардтаған қаражаты, қыруар уақыты үнемделді.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |