Келелі кездесу

Өңірге жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қорқыт ата атындағы ҚМУ Студенттер сарайында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру мәселелері бойынша білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала  қызметкерлерімен кез­десті. 

Жиында Үкімет басшысы Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында инфра­құрылымды жаңғырту, мемле­кеттік-жекешелік әріптестікті дамыту және саланы ырықтандыру арқылы денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру мәселелеріне және Елбасының әлеуметтік бастамаларына тоқталды.

– Мемлекет басшысының ал­ды­­мызға қой­ған тапсырмасы – біздің негізгі жұмыс бағ­дарымыз. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында адами капиталға айрықша мән берілгенін білесіздер. Адами капитал – бұл тек біздің еліміз үшін емес, сонымен бірге дүниежүзі көңіл бөліп отырған басым бағыт. Мәселен, денсаулық сақтау саласы бойынша дәрі-дәрмекпен қамту, цифрлық бағдарламаға көшу, кейін қалған саланы ілгерілету, сонымен бірге, мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік аясында шағын кабинеттер ашып, олардың қызметтері тұрғындарға қолжетімді болатындай жағдай жасау керек. Әрине, үлкен мәселелер мемлекет көмегімен шешімін табады, алайда жекелерге мүмкіндік беруіміз қажет. Бүгінде дүниежүзінде білімге деген бәсекелестік басым екені белгілі. Сондықтан үлкен күшті  білімге жұм­сауымыз қажет.

Жаңа активте облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақта физика-математика мектебінің ашы­латынын айтты. Бұл – өте дұрыс әрі құптарлық бастама. Алдағы уақытта адам роботпен бәсекеге түсетін күн келеді. Ол үшін осы бастан дұрыс білім беруіміз қажет. Осыған дейін информатика пәнін жетінші сыныптан бастап оқытып келдік. Бірақ қазіргі балалар компьютерді балабақшада жүріп меңгеріп алады. Сондықтан информатика пәнін оқыту үшінші сыныпқа ауыстырылды. Жоғары оқу орындары мен колледждер негізінен гуманитарлық бағытта білім береді, техникалық бағытта мамандық алу аз. Сондықтан Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында қосымша 20000 грант бөлу туралы нақтылады. Осыған байланысты техникалық білім беру айрықша қолға алынуда,– деп атап өтті Б.Сағынтаев.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы Елбасының бес әлеуметтік баста­масында нақтыланған қолжетімді баспана, салық салуды төмендету, студенттерге арналған жатақханалар, микрокредиттеуді кеңейту, тұрмыс сапасын жақсарту үшін жаңа газ құбырларын тарту және өңірлерде бизнесті дамыту бойынша да жан-жақты тоқталды. Б.Сағынтаев берілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын тілге тиек етті.

– Бес бастама бойынша нақты іс-шаралар мен орындалу мерзімін қамтитын Жол картасы іске қосылуда. Барлық іс-шаралар 2022 жылға дейін жүзеге асыру жоспарланды. Қазіргі уақытта олардың орындалу тетіктері толықтай пысықталуда, наурыз айының соңына дейін қажетті заңнамалық өзгерістер жасалады,– деп атап өтті Премьер-Министр.

Кездесуде, сондай-ақ, Инвести­циялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек ел тұрғындарының баспа­налы болуы үшін қолжетімді ипотекамен қамтамасыз ететін «7-20-25» бағдарламасының жасалуы, іске қосылатын мерзімі мен қатысу шарттары туралы мәлімдеді.

– Бірінші бастама бойынша Ұлттық Банктің бірлесуімен арнайы бағдарлама әзірленді. Ол – «7-20-25» бағдарламасы. Бұл бойынша әрбір отбасы баспана сатып алу мүмкіндігін жақсартады. Баспана үшін несие 7 процентпен беріледі, ал бастапқы жарна көлемі бұған дейінгі 30-40 проценттен 20-ға төмендеді. Сондай-ақ, төлем бойынша ауыртпалықты төмендету мақсатында кредит мерзімі 25 жылға ұзартылып отыр,– деп атап айтты министр.

Жүздесуде сонымен бірге Білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, студент жастардың тұрмыс жағдайын жақсарту жоспарлары туралы баяндаса, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев «Микрокредиттеуді кеңейту» төртінші бастамасы аясында берілетін жаңа мүмкіндіктер жөнінде түсіндірді.

– Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасы салық табысын арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуына ықпал етпек. Оның ішінде төртінші әлеуметтік бастама ауылдық жер­лердің проблемасын шешуге бағытталған. Яғни, ауылдық жер­лерде кәсібін ашып, өз ісін дөңгелетуді көздеген әрбір адам үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтуға, жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға септігін тигізеді. Өткен жылы 2017-2021 жылдарға арналған «Микрокредиттерді дамыту, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 41,2 млрд теңге көлемінде кредит берілген болатын. Оның ішінде қалаларға және моноқалаларға 14,2 млрд теңге, ал ауылдық жерлерге 27,1 млрд теңге бөлінді. Қызылорда облысына – 2,4 млрд теңге (республика бойынша жалпы соманың 5,8 проценті), оның ішінде ауылдық жерлерге 2,1 млрд теңге берілді. Елбасының бастамасымен қосымша 20 млрд теңге қаралып отыр, оның ішінде 11 млрд теңгесі ауылға берілетін болады,  – деді  вице-министр.

Ал, жалақысы төмен жұмыс­шылардың еңбекақысын кө­теру үшін салық жүктемесін төмендету туралы баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов 2017 жылғы деректе 60 мың теңге көлемінде жалақы алатын 92 мың адам бар. Осыған байланысты министр бұл бастаманың маңызы туралы айтып берді.

Өз кезегінде кездесуге жиыл­ғандар да ұсыныс-пікірлерін білдірді. Алғаш болып,  белгілі жырау, қоғам қайраткері Алмас Алматов «Өнер» академиясын Қызылордада ашу туралы ұсынысын жеткізсе, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы  Бақберген Досмамбетов аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы пікірін айтты.

– Елбасының бес әлеу­меттік баста­ма­сының әрбірі қазақс­тан­дықтардың әлеуметтік, тұр­мыстық жағдайын жақсартуға бағытталғанын білеміз. Ол сонымен бірге ел дамуының жаңа мүмкіндігі. Сырбойылықтар Елбасының сарабдал саясатының арқасында Тәуелсіздіктің жемісін көруде. Кіші Арал толып, Байқоңырдың екінші тынысы ашылды. Астанаға бой түзеп Сырдарияның сол жағалауынан жаңа қала құрылысын бастадық. Биыл Астананың 20 жылдығы Қызылорданың 200 жылдығына орай сол жағалаудағы  бірінші шағын аудан іске қосылады, – деді ол.

Сондай-ақ, жиында облыстық мәслихат депутаты Нұриддин Әмитов, Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрының бас режиссері Хұсейн Әмір-Темір де ұсыныстарын жеткізді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2018 г. 563 0