« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Елбасы тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен облысымызға келді. Сапар мақсаты – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен Бес әлеуметтік бастамасы аясында берген тапсырмаларының жүзеге асырылу барысымен танысу. Алдымен Бақытжан Әбдірұлы 2018 жылы әлеуметтік-экономикалық дамудың мақсатты индикаторларына қол жеткізу бойынша облыстың жобалық бақылау жұмыстарының жүйесімен, Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру мәселелері бойынша облыс әкімдігінде өңір активімен, кәсіпкерлер және әлеуметтік сала өкілдерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ, «Қараөзек» газкомпрессорлық станциясының, Арал ауданындағы балық өңдеу зауыты мен «Аралтұз» АҚ жұмысын көрді. Мұнда қоғам өкілдерімен басқосу өтіп, Солтүстік Арал жобасын жүзеге асыру, суармалы жерлерді жақсарту, ҚР Президентінің 5 әлеуметтік бастамасы аясында шағын несиелендіру ісін жетілдіру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы мен ғарыш айлағын дамыту барысы назарға алынды.
Облыстық әкімдікте өткен жиында аймаққа инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, индустрияландыру, технологиялық жаңғырту және индустрия 4.0 элементтерін енгізу, цифрландыру, жұмыс орындарын ашу және басқа да мәселелер сөз болды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы Жобалық басқару жүйесінің іске асуы мен 2018 жылы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсатты көрсеткіштері туралы баяндады. Мәселен, соңғы 5 жылда облыста 50-ден аса өнеркәсіптік нысан іске қосылып, аймақ экономикасын әртараптандыру басталды, өңдеу өнеркәсібі жоғары қарқынмен дамуда.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында оң динамика байқалады. Қазір экспортқа бейімделген өнім шығару және өңдеу ісіне екпін берілген. Мәселен, экспортқа шығаруға лайықталған күріш сұрыптарын егу жоспарлануда. Сонымен бірге, «жобалық басқару» аясында жергілікті шаруалардың өнімдерін сыртқы нарыққа тиімді шығаруына мүмкіндік беретін электронды сауда алаңы – агробиржаны құру көзделуде.
Облыстағы негізгі міндеттердің бірі – аймақ халқының әлеуметтік осал топтарын қолжетімді баспанамен қамту.
«Несиеге үй алуға барлығының мүмкіндігі жоқ, сондықтан «Орда» тұрғын үй құрылысының жол картасы қабылданды. Оны жүзеге асыру үшін жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңге қаржы бөлініп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп жатқан несиелік тұрғын үйлер сатып алынып, тұрғындарға алғашқы жарнасыз және кейін сатып алу құқығымен ай сайын жалпұл төлеу шартымен берілетін болады. Біздің «Орда» бағдарламасы Елбасының «7-20-25» бағдарламасының лайықты қосымшасы болады», – деп атап өтті облыс әкімі.
Қазіргі таңда облыста өнімсіз жұмыспен қамтылған және жұмыссыз 89 мың азамат бар. Оларды, әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыта отырып, нәтижелі еңбекке баулу жоспарлануда. Осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін 2018 жыл облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста «Сотсыз татуласу орталығы» пилоттық жоба ретінде ашылады. Бұл – республика бойынша алғашқы бастама. Аймақта мұндай бастаманың үздік үлгілері бар. Мәселен, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылындағы қоғамдық бірлестік құрамындағы ақсақалдар ауылдастар арасындағы даулы мәселелерді бейбіт жолмен шешуді қолға алған.
Бүгінде облыста мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 29 млрд теңгеден астам қаржыға 66 жоба жүзеге асырылуда. Жобалар саны бойынша аймағымыз республикадағы алдыңғы орындардың бірінде тұр.
Соңғы 5 жылда өңірде әлеуметтік саланың 200 нысаны пайдалануға беріліп, көптеген мәселелердің шешілуіне мүмкіндік тудырды. Қазіргі негізгі міндеттердің бірі – барлық саланы цифрландыру.
«Біздің міндетіміз – тұрғындардың жайлылығы үшін онлайн қызмет түрлерімен қамтамасыз ету. Қазіргі кезде аймақты цифрландыру үшін 72 жобаны жүзеге асыру көзделуде, бұл мақсатқа облыстық бюджеттің өзінен 2 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. 20 жобаның іске асырыла бастауы алғашқы кезеңнің «жеңісі» болды», – деді аймақ басшысы.
Облыс жобалық басқару аясында 5 салалық – базалық индустрияландыру, агроөнеркәсіптік кешен, сауда, денсаулық сақтау және білім беру; 3 тікелей – жаппай кәсіпкерлікті дамыту, қаржылық тұрақтылық, нәтижелі жұмыспен қамту бағыттары бойынша 10 жобаның жүзеге асырылуына қатысуда.
Мәселен, аймақ «Инвестиция тарту» жобасы бойынша негізгі капиталға құйылатын инвестицияны 7,5 процентке нақты өсіру туралы міндеттеме алды. Бұл республикалық көрсеткіштен жоғары, елімізде бұл көрсеткіш – 5.1%.
«Аймақта инвестицияның нақты өсімін АӨК, базалық индустрияландыру, денсаулық сақтау, білім беру және туризм салаларында да республикалық көрсеткіштен арттыру жоспарлануда. 72 жобаны жүзеге асыру көзделуде, оның ішінде құны 1 млрд теңгеден асатын 23 жоба және сомасы 1 млрд теңгеге жуық 49 жоба бар»,- деп атап өтті облыс әкімі.
Нәтижесінде биыл аймақта өңдеуші сектордағы инвестиция көлемін 40%-ке, өңдеу өнеркәсібінің үлесін – 7,2%-ке, шикізаттық емес экспорт көлемін 16,7%-ке ұлғайту межеленіп отыр.
Бұған қоса, «Кәсіп жүргізу шарттарын жақсарту, бизнесті бақылауды және шығындарды азайту» жобасы аймақ үшін басымдыққа ие болып табылады. Жыл басында жалпы бюджеті 32 млрд теңгеден асатын «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жол картасы» әзірленді. Оның ішінде 3 млрд теңгеден астам қаржыны стартап-жобаларға бөлу жоспарлануда.
Аймақ басшысы атап өткендей, ағымдағы жылы шағын несиелендіру ісіне тек облыстық бюджеттің өзінен 1 млрд теңге бөлінді, тағы 2 млрд теңгені басқа қаржы көздерінен тарту жоспарда бар. Өңірлік инвестициялық қор құны 500 млн теңгеден асатын 171 жобаны мақұлдаған.
Бұдан бөлек, жұмыссыз және өзін-өзі еңбекпен қамтыған азаматтардың жаңа бизнес идеяларын жүзеге асыруы үшін 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз грант беру үшін облыстық бюджеттен 200 млн теңге бөлу жоспарлануда.
«Жобалық кеңсе» ақпараттық жүйесінде республикалық жобалардан бөлек 33 инновациялық және бюджеттік, сондай-ақ, экономиканы цифрландыру жобасына бақылау жүргізілуде. «Hack Day», «Бейресми жұмыспен қамтуды заңдастыру», «Агробиржа», «Арбат» және басқа да жобалар пилоттық режимде іске асуда.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |