ШЕБЕРЛІКТЕ ШЕК ЖОҚ

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға жақсы мүмкіндіктер қарастырылып отыр. Әсіресе облыста «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылының» жариялануы кәсіпкерлердің сенімін еселей түсті. Оның нақты көрінісін Қазалы ауданынан да аңғаруға болады.
Соның бірі – тігіншілік кәсібі.  
Мархаббат Асанова есімді қарындасымыз қазір жеке кәсіпкер ретінде қыздардың жасауы мен әсем өрнектелген құрақ көрпе-төсектер тігумен айналысады. Өз ісінің нағыз шебері. Мектептен соң Ақтөбе көліккоммуникация және жаңа технологиялар колледжін бітірген ол әуелі Қазалы қаласындағы №8 кәсіптік мектепте инженер-педогог болды. Жылдар өте жеке кәсіп ашуға қызығушылығы артқан ару өз мақсатын жүзеге асыруға бекінді. Тігін өнеріне деген бейімділігі мен табандылығы, оған қоса мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдауға деген оң көзқарас талабын ұштай түсті. Ақыры кәсібі де алға басты, қолдау да жасалды. Ауыл шаруашылығын қолдау бағдарламасымен мемлекеттен екі мәрте несие алуға қол жеткізді.
Алдымен Астана қаласындағы «Сырлы саусақ» сән үйінде тігін курсын оқып, тігінші сертификатын иеленді. Мұнан соң Ақтөбедегі «Құрақ өрлеу» сән үйінде білімін жетілдірді. Қазіргі сәтте жас кәсіпкер алған білімін тәжірибемен ұштастыруда. Әрі жеміссіз емес. Мархаббаттың икемді саусақтарымен дайындалған қыз жасаулары мен тіккен көрпе-төсегі тұтынушылар тарапынан зор сұранысқа ие.  
Тағы бір кейіпкеріміз Гүлайна Ерназарова – шеберлігі шыңдалған тігінші болуымен қатар, берекелі шаңырақтың отанасы. Алғашқыда маталардан қалған қиындылардан құрап,  жеңіл көрпешелер жасауды меңгерді. «Шеберден іс қорқады» деген бар. Алуан маталардың қиындысы Гүлайнаның епті қолы тиісімен көздің жауын алатын бұйымдарға айналып шыға келетін. Құдды сиқыршы дерсіз. Ал мұның астарында қаншама еңбек, асқан шеберлік жатқаны кәсіп иесіне жақсы мәлім. Десе де, төгілген тер, қаншама еңбек текке кетпеді. Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, өнім өндіру саласындағы қызметі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына белсенді үлес қосқаны үшін ауданы әкімі Мұрат Ергешбаевтың қолынан «Үздік тігін бұйымдарын дайындайтын кәсіпкер» номинациясын алды.
– Құрақтың 200-ден астам түрі бар. Оларды тұтыну қажетіне қарай түрлі өлшем – деңгейде жасауға болады. Ең бастысы, тұтынушы талғамынан табылу қажет. Бұл өнер маған әжемнен қонған. Сондай-ақ, анам мен енемнен де үйренгенім аз емес. Кәсіпкерлік негіздерін оқып, білім алдым. Тапсырыспен құрақ тігемін. Ата-бабамыздан ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнердің осынау түрі ешқашан ұмытылмасы даусыз, – дейді жеке кәсіпкер Гүлайна.
Светлана Кенбай болса, сапалы дайындалған тігін заттарымен көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген кәсіпкер қарындасымыздың бірі. Ол әзірлеген ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әдіптелген сәнді ұлттық киімдер жұртшылық тарапынан жоғары бағалануда. Бір кереметі, Светлананың тігіншілік өнерге деген бейімділігі  мектеп қабырғасында жүргенде байқалған еді. Ойыншық қуыршағына тіккен  киімдері, көрпе-жастығын көрген жан қайран қалатын. Уақыт өте Шымкент қаласындағы «Жалын» әлеуметтік-педагогикалық колледжіне оқуға түскен кезінде де өзіне және құрбыларына тіккен  көйлектері ерекше назарға ілікті. Светлана уақыт өткен сайын шеберлігін шыңдай түсті. «Жас Орда» жастар қоғамдық бірлестігінде жоба үйлестірушісі болып, мәдени-көпшілік шаралардың өтуіне ұйытқы болды. «Шағала» балаларды сауықтыру-демалыс орталығында аға тәлімгер қызметін атқарып, балаларға білгенін үйретуден жалықпады. Қашанда қарапайым дағдысынан танбайтын Светлана отбасында сыйлы келін. Жары Талғат Сағидуллаұлы алып берген тігін машинасымен кәсібін жалғастыруда. Тігін машинасы озық үлгідегі электронды түрде жұмыс істейді. Он алты түрлі тігіс өлшемін дайындауға мүмкіндік қарастырылған.
Светлана кәсіпкерлік білім алуды көздейді. Мұнан соң шағын кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламалар арқылы несие иеленіп, шеберхана ашсам деген жоспары бар.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Қазалы ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2018 г. 1 048 0