ЖАСТАРДЫҢ «АҚЫЛДЫ АЯЛДАМАСЫ»

Бүгінде жаңа технологияның мүмкіндігі талай жаңалыққа жол ашты. Бір кездері арман болған қиял-ғажайып дүниелер қолданысқа енді. Осы орайда өткен жылдың соңында облыста алғаш рет «Hack Day-2017» идеялар фестивалі өткен болатын. Онда талантты жастар, студенттер мен оқушылар 24 сағат ішінде жобаларын дүниеге әкелді. Нәтижесінде қатысушылардың арасынан маңызды жобалар іріктеліп алынды.
Міне, солардың қатарында  Қайырболат Әмреновтың ғылыми жетекшілігімен «Білім-инновация» лицейінің Әйгерім Жақсылық, Алтынай Садықбек, Анастасия Когай және Кәмшат Жармахан есімді 11-сынып оқушылары бірлесіп жасаған «Ақылды аялдама» жобасы бар.  Қыздар фестиваль қорытындысында «Ақпараттық технологиялар» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды иемденді. «Ақылды аялдаманың» бағдарламасын Алтынай мен Кәмшат бірге құраса, сыртқы дисплейін Әйгерім мен Анастасия жасап, жобаны одан әрі  дамытқан.
Осы орайда Мемлекет басшысы «Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады» деп айтқан болатын. Бұл бағытта жастардың атқарып жатқан еңбектері аз емес. Қыздардың жобасында жаңалық көп. Смарт аялдамада күн қызуы 28 градустан асса, салқындатқыш іске қосылады.  Қыста ауа райы 20 градустан төмен түссе, жылытқыш істейді. Жауын-шашынды күндері үстіңіздегі су киімді құрғатады және аялдаманың ішіне кірген бойда автоматты түрде жарық жанады.  Ешкім жоқта жарық өшірулі тұрады.  
Қыздардың айтуынша, Сырдария өзенінің сол жағалауында бой көтеретін жаңа қалаға смарт аялдама сұранып тұр. Жалпы, 2014 жылдан бастап еліміздің үлкен қалаларында тәжірибе ретінде «Ақылды аялдама» жобасы пайда болған еді. Жобаның айырмашылығы, аялдамаға келетін автобустардың кестесі мен жүру бағытын белгілейді. Ал, талапты жастар ұсынып отырған жоба тіпті тиімді. Қатарынан  үш түрлі қызмет атқарады.
– Осы жобаны ұсынғанда біз ең алдымен аялдаманың адамдарға тиімділігін ескердік.  Онда тек қоғамдық көлік күтіп қоймай жайлылық болғанын қаладық.  Ойымыздың жүзеге асуына «Hack Day-2017» идеялар фестивалі түрткі болды. Мұнда  жастардың түрлі жұмыстарын да  көрдік, – деді Әйгерім.  
Сонымен бірге қыздардың бұған дейін жеткен жетістіктері аз емес.  Олар қалалық, облыстық және республикалық додаларда топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, Әйгерім «Uluslararasi Dil ve Kultur» фестивалінде түрікше мәнерлеп өлең оқуда озық шықты және «Kazakhstan robotics challenge» байқауына қатысып, 2-орынды иемденді. Алтынай бірқатар олимпиадаға информатика пәнінен қатысып,  жеңімпаз атанды.  Жастардың алдына қойған мақсаты биік. Мәселен, Анастасия келешекте ІТ технология саласында білімін жетілдіріп, еліміздің дамуына өз үлесін қосуды қаласа, Кәмшат ғылыммен айналысуды жөн санапты, Алтынай болашақ қаржыгер болмақшы, ал Әйгерім педагог болуды армандайды.

Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2018 г. 562 0