ДӘНЕКЕРЛЕУШІ МАМАНДЫҒЫН ИГЕРУДЕ

Өткен қыркүйектен бастап Сырдария агротехникалық колледжінде «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 25 адам газэлектр дәнекерлеуші мамандығын игеріп жатыр. Қазір өндірісте де, шаруашылықта да дәнекерлеуші  мамандарға сұраныс артуда.
Ауданның әр ауылынан мамандық алу үшін келген азаматтарға стипендия төленеді. Жолақы мен тамақ мәселесі де шешілген. Курс оқушылары қажеттіліктеріне орай жатақханамен де қамтылған.
– Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, өндірістік тәжірибеде қолданылатын замануи құрал-жабдықтар мен арнайы киім алынды. Қазір қысқа мерзімді курстың теориялық кезеңі аяқталып қалды. Енді аз күнде оқушылар тәжірибе жинауға жіберіледі, – дейді колледж директоры Д.Қожахметов.
Аудандағы тапшы мамандықтарды анықтау үшін жүргізілген мониторинг нәтижесі әсіресе, жұмысшы кәсібін игергендерге сұраныс жоғары екенін анықтады. Колледж дайындап жатқан газэлектр дәнекерлеуші мамандар болашақта еңбек нарығынан өз орнын алады деген сенімдеміз. Өйткені алдағы уақытта облыстың басқа аудандары сияқты Сырдария ауданына да газ келеді. Сол кезде өз ісін меңгерген  мамандарымыз әзір тұрады. Шілде айында қысқа мерзімді курс аяқталып, алғашқы түлектер қолдарына құжат алады.  
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2018 г. 439 0