АЙРЫҚША НАЗАРДАҒЫ АЙМАҚ

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы мен 26 наурыз – “Арал теңізінің күніне” орай дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов қатысты.
Шара барысында қатысушылар Арал проблемасын талқылап, теңізді қайта толтырудың, сақтап қалудың әдіс-тәсілдерін ортаға салды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екендігін алға тартып, маңызды мәселенің түйінін бірлесе тарқатуға шақырды.
Айта кетейік, Арал теңізіндегі эко­логиялық дағдарыс көптеген көр­сеткіштері жағынан Орталық Азия аймағынан асып, дүниежүзілік сипат алып отыр. Теңіз бассейніндегі шека­ралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, эколо­гия­лық жағдайлардың ушығуы Орта­лық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етті. 1993 жылдың 26 нау­рызында облыста Орталық Азия мемлекеті басшылары бас қосып, Арал теңізі және Арал маңының экологиялық сауықтырылуы мен ай­мақтың әлеуметтік-экономикалық да­муын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бір байламға келді. Саммит аясында құрылған қор халықаралық қауымдастық қолдауымен бірқатар жобаларды қаржыландыруда. Сонымен бірге БҰҰ Даму бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Швеция және басқа да донор елдер үкіметтерімен бірлесе отырып, байыпты бағдарламаларды іске асырып келеді.

М.СНАДИНҚЫЗЫ.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 460 0