
Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, адалдығын жоғалтпаған. Осындай атадан балаға мирас болып сақталған қасиеттеріміз бола тұра, санамыздың улануы ма, әлде басқа да жағдайлардың әсері ме, көпшілігіміз дауға құмар болып алдық. Мәліметтерге сүйенсек, белең алып, өршіп тұрған даулардың көпшілігі неке бұзу, нәпақа өндіру, тұрғын үй, жер, мүлік даулары болып отыр. Өткен жылы облыста 2425 отбасының шаңырағы шайқалып, әрбір тіркелген үшінші неке бұзылған. Орта есеппен әр отбасында 2 бала деп есепке алсақ, бір жылда 5 мыңға жуық бала әке не ана тәрбиесінен айырылып, әлеуметтік жетім балалардың қатарына қосылуда. Халқымыздың дәстүрлі құндылықтары құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелініп, қоғамда бір-біріне деген мейірім мен сыйластық азайып, адамдар қатыгезденіп бара жатқандай. Елімізде ажырасу оңай шешілетін мәселеге айналып кеткен. Ер кісілеріміз бала-шағасын асырай алмайтын немесе асырағысы келмейтін бойкүйез, жауапсыз буынға айналып барады. Ал қыздарымыз болса, баласын әкеден айырғанымен қоймай, олардың тәрбиеге араласуына кедергі келтіруде. Сонымен қатар өзінің туған баласына нәпақа төлеуден қашып жүргендер жыл санап көбейіп келеді. Ажырасуды қоғамымыз қор көрмейтіндей болғаны ма, жасы да кәрісі де оған арланбайтын халге жетті. Отбасы адам баласының алтын діңгегі, ұлттық тәрбиенің ошағы, мемлекеттің тірегі дейтін болсақ, бұл қалпымызбен қайда бара жатырмыз деген заңды сұрақ туындайды. Заманымызға қатер тудырып отырған бұл әлеуметтік құбылыспен бірігіп, қоғам болып күрес жүргізіп, белең алуын тоқтатпасақ, ол үлкен қауіпті індетке айнала бастады. Аталған жұмысты жүргізуге ақсақалдардың кеңесі, медиаторлар мен кәсіби психологтардың, жастар саясатымен айналысатын ұйымдардың жүйелі көмектері қажет.
Ал жер дауы, мүлік дауларының түбіне үңілсек, жанжалдасып қалған жандар бір-бірін жеңемін деп, ымыраға келмей, соттың есігін тоздыруда. Ата-бабамыздан мұра болып қалған дауды келісім арқылы шешу мәдениетіміз мәнін жоғалтып бара жатқандай. Жанжалдасушы тараптың айналасындағы адамдар, жан-жағындағы ағайын-туыс дауды басып, тоқтатудың орнына, олардың қолтығына су бүркіп мәселені ушықтыруға бейім болып тұратын секілді. Екі көрші бірнеше жыл бойы тілімдей жерге таласып, болмашыны қып-қызыл дауға айналдырып, сотты жағалап, өзара келісімге келе алмай дауды ушықтырған жағдай да кездесуде. Олардың өз меншігіндегі ауласының ішіндегі басқа жерін игеріп жатқаны шамалы. Соңында соттасып жүріп, әзер дегенде бітімгершілікке келген. «Көрші ақысы – тәңір ақысы» деген ата-бабаның асыл ұстанымы қайда қалған? Бір көрші екінші көршісімен оның қорасындағы жайқалып өсіп тұрған теректің көлеңкесі, жапырағы менің қорама түсті деп соттасқан жағдай да орын алуда. Сот ол дауды азаматтық іс ретінде қарап, әзер дегенде шешіп, теректі кестіруге мәжбүр болғанын қайтерсіз. Адамдар сотты өш алудың құралына айналдырған сияқты.
Соттың алдына шыққандар бір-біріне мықтылықтарын көрсетіп, ақысын алғысы келеді. Осылайша екі жақ болмашы нәрсе үшін жау болып шығады. Жауласып отырған әкесі мен баласы, анасы мен қызы, ағайындылар, достар, көршілер, серіктестер мен әріптестер. Олар сотта бітімге келе бермейді. Себебі ол уақытқа дейін ашуға беріліп, бір-біріне ауыр сөздер айтады, ызалары ұлғайып, моральдық және материалдық шығынға ұшырайды. Сондықтан жанжалдасып қалған адамдардың арасындағы дауды сотқа жеткізбей, оны ушықтырмай бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсету амалдарын бір жолға қою басты мақсатымыз болуы қажет. Ата жолымен еліне еге болып, ауыл-аймағына ақылын айтып, өзара даудан, араздықтан сақтап келе жатқан игі жақсыларымыз да баршылық.
Соттар қауымдастығы дауды шешуден қашып отырмағандығын айта отырып, мақсатымыз – елімізде дауласушылардың көбейіп бара жатқанына көңіліміз алаңдаулы екендігін жеткізу. Елбасының жариялап отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізгі өзегі – ұлттық сана мен болмысқа қайта оралу. Бүгінгі айтылып отырған өзара татуласу, ауыл- үйдің әңгімесін сотқа дейін жеткізбеу мәселесі де осы рухани жаңғырудың бір тармағы. Біз қазақтың төл болмысындағы «ұят болады», «ағайынның азары болса да, безері жоқ» деген қасиеттерімізді жоғалту алдында тұрмыз. Ағайынды адамдардың соттасып, төбелесіп отырғанын көргенде, қазақтың «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген аталы сөзі еріксіз ойға оралады. Сондықтан елімізде белең алып бара жатқан дауласушылықты болдырмау мақсатында бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, жалпы халықтық дертпен күресетін кез келді деп санаймын.
Мұхтар ЕРКІНБЕКОВ,
Қызылорда қалалық сотының төрағасы.