Қазақстанда шығып қалғандардың орнына 68 мәслихат депутаты сайланды

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы бойынша шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА. 
2018 жылғы 25 наурызда «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 101 бабының 4 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының 15 ауданында шығып қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Барлығы елімізде 68 депутат сайланған, оның ішінде 10 облыстық, 17 қалалық және 41 аудандық мәслихат депутаттары бар. Астана қаласында бос округтың болмауы себебінен сайлау өткізілген жоқ.
Сайлау науқаны барысында депутаттыққа 243 кандидат ұсынылып, олардың ішінен барлық деңгейдегі мәслихаттарға 202 кандидат тіркелген. Сайлауға 15 облыстық, 17 қалалық, 36 аудандық, 68 округтік, 292 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылған. Орташа бәсекелестік шамамен бір депутаттық мандатқа 3 кандидаттан келеді (2,97), дауыс берушілердің саны 67,4% құрады.
Сайланған мәслихат депутаттарының 51-і ер адам (75,0%), 17-сі әйел адам (25,0%). Сайланған мәслихат депутаттарының орташа жасы - 44,3. Сайлау науқаны ҚР сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес өтті.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 432 0