КОРЕЙЛІКТЕР КӨМЕГІ

Қазақстанның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қорының дирекция басшысы Асылхан Асылбеков бастаған топ Қамыстыбас ауылдық округінде болып, Оңтүстік Корея Республикасының қаржыландыруымен Арал теңізінің оңтүстік ұлтанына сексеуіл егу және өңір климатын жақсартуға бағытталған шараларға қолдау білдірді. Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің игілігі үшін «Белорус» тракторы тіркемесімен, 8 адамға арналған, іші заманауи үлгіде жабдықталған орманшылар вагоны және соқа мен УАЗ автокөлігі табыс етілді.
Орманшылар қуанышында шек жоқ. Сексеуіл егу үшін теңіз ұлтанына қатынайтын олар ендігі жерде жол қиындығын көрмейді. Мекеме қызметкері Мұратбек Смайловтың айтуынша, егілген сексеуілдің осы уақытқа дейінгі өсуі жоғары көрсеткішке жеткен, алдағы уақытта бұл нәтиже еселене беретініне сенім зор.
Айта кетерлігі, жуырда облыс әкімдігінің бастамасымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы «Даму» бағдарламасының қолдауымен Астана қаласында Арал өңірінің жағдайын жақсартуды көздеген «Арал достары» атты халықаралық симпозиум өтті. Оған тиісті министрлік өкілдері, жаһандық деңгейдегі қауым­дастықтар мен қаржылық ұйым мүшелері қатысып, өңір экономикасын жақсартуға негізделген мәселелердің түйіні тар­қатылған еді.
– Ел үшін маңызды жоба тәуелсіздік алған жылдардың басында-ақ қолға алынды. Осыдан 25 жыл бұрын халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, кенезесі кепкен теңізді қал­пына келтіру үшін барлық жағдай қарастырылды. Олардың арасында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруа­шылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті Оңтүстік Корея мемлекетінің қаржыландыруымен Қазақстанның био­алуан­дылығын сақтау қоры арқылы 2018-2019 жылдары 10 000 гектар жерге сексеуіл отырғызу жұмыстары да бар. Бүгін соның алғашқы қадамын жасадық. Орманшыларға қолайлы жағдай туғызу үшін қажетті техникалар қор есебінен алынып берілді. Енді тек табиғат жана­шырларынан нәтижелі жұмыс күтеміз, – деді Асылхан Дайырұлы.  

Оңталап ЖОЛДАСОВ.
Арал ауданы.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 наурыз 2018 г. 425 0