АРАЛ. Ұлыстың Ұлы күні орталық алаңда құрылған киіз үйлер алыстан көз тартып, ерте жиналған қауымға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Тұрғындар ең алдымен ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеген көріністердің куәсі болды.
Одан әрі салтанатты шарада аудан әкімі М.Оразбаев жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Ауданның шығармашылық ұжымдары, колледж және мектеп оқушыларының ұйымдастыруымен әзірленген түрлі қойылымдарды тамашалады. Күн мен түн теңесіп, жер-жаһан жаймашуақ рахат нұрына бөленетін осынау ұлы мерекені жаңа биіктерге деген ұмтылыс пен құлшыныс үстінде қарсы алған аудан тұрғындары, Наурыз тойына келген ауыл ақсақалдары наурызкөжеден дәм татып, ел мен жердің амандығын тілеп, ақ баталарын берді.
ҚАЗАЛЫ. Наурыз мерекесінде «Жеңіс» саябағында өткен игі шараға мемлекеттік қызметкерлер, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер, студент жастар қатысты.
Шараға келіп, саябаққа ағаш отырғызған аудан әкімі М.Ергешбаев күн мен түннің теңеліп, тіршілік біткеннің жаңадан оянатын тұсы болып есептелетін Наурызда ағаш отырғызуды ежелден халқымыз игі дәстүрге айналдырғанын еске салды.
Мерекеге арналған көпшілік шара Тәуелсіздік аллеясында өтті. Аудан тұрғындары мен қонақтары концерттік бағдарламаларды, театрландырылған көріністерді тамашалады. Бұл күні киіз үйлер ұлттық нақышта безендіріліп, қазақ халқының салт-дәстүрлерін, тұрмыстық ерекшеліктерін бейнелейтін бұйымдар қойылып, дастархан жайылды. Бауырсақ пен наурызкөже таратылды.
БАЙҚОҢЫР. «Жұлдызды қалашықтың» тұрғындары Ұлыстың ұлы күнін жоғары деңгейде атап өтті. Қармақшы ауданының әкімі С.Мақашов, қала әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин жиналғандарды мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Қала орталығына қазақтың киіз үйлері тігіліп, ұлттық салт-дәстүрлерден көріністер көрсетілді. Жиналған жұртшылық спорттық шараларды тамашалап, мерекені көтеріңкі көңіл күймен өткізді. Сонымен бірге қала орталығында жәрмеңке ұйымдастырылып, арзандатылған бағамен азық-түлік өнімдері сатылды.
ҚАРМАҚШЫ. Этносаябақтағы Наурыз мерекесінде аудан әкімі С.Мақашов жұртшылыққа ізгі тілегін жеткізді. Мұнда ұлттық нақышта жабдықталған ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, наурызкөже таратылып ұлттық дәстүрлерден көріністер көрсетілді. Ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүрлер тойбастар, тұсаукесер, ұйқыашар, селтеткізер, құда түсу, ерулік, қыз ұзату, құйрық-бауыр тарту, бастаңғы көріністері қойылып, аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына жалғасты.
ЖАЛАҒАШ. «Нұр себеле, әз Наурыз» атты мерекеде орталық алаңда ән мен күй әуелеп, ізгі тілек пен ақ бата жауды. Аудан тұрғындарына арналып дастархан жайылды, наурызкөже таратылды. Аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев Наурыз мерекесімен аудан халқын құттықтап, жылдың ырысы артық, ырзығы мол болуына тілектестігін білдірді. Театрландырылған көріністен бастау алған ұлық мереке, күміс көмей әншілердің, күйшілер мен мың бұралған бишілердің өнерлерімен жалғасты. Мереке қарсаңында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өткізіліп, білегі мықты палуандар мен тас көтерер толағайлар арасынан жүйріктері анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
СЫРДАРИЯ. Тереңөзек кентінде Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар театрландырылған қойылыммен басталды. Аудан әкімі Ғ.Қазантаев жиналғандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді. Мерекелік іс-шара барысында киіз үйлер тігіліп, ұлттық нақыштағы көрмелер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылып, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлер дәріптелді. Бесік салар, тұсаукесер, теңге алу рәсімдері ұйымдастырылды. Наурыз мейрамына жиналғандар мерекенің басты тағамы – наурызкөжеден ауыз тиіп, бір-біріне ақ тілектерін арнады.
ШИЕЛІ. М.Шоқай атындағы орталық алаңда «Ұлы Даланың ұлық мерекесі – әз Наурыз!» атты мерекелік шара тал егу рәсімінен басталды.
Аудан әкімі Ә.Оразбекұлы аудан тұрғындары мен қонақтарын құттықтады. Наурыз мейрамына орай орталық алаңға он үш киіз үй, алты шатыр тігіліп, мерекені тамашалауға келген халық наурызкөже, қымыз және басқа да қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Сонымен қатар, орталық алаңда аудан өнерпаздары, шығармашылық ұжымдарының қатысуымен концерт және театрландырылған мерекелік көріністер қойылды. Қазылар алқасы тігілген киіз үйлер арасында үздіктерін анықтады. «Астананың 20 жылдығы» атындағы аудандық білім бөлімі «Қонақжай ауыл», «Шиелі ауданының 90 жылдығы» атындағы «ҚазАтомӨнеркәсіп» ҰАК-ға қарасты «РУ-6» ЖШС «Ханшатыр», «Қалмақан Әбдіқадіров 115 жыл» атындағы Шиелі аудандық ауруханасы және қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұжымдары құрған киіз үйі «Ұлы дәстүрді ұлықтаушы» деп танылып, аудан әкімінің дипломдарымен марапатталды.
ЖАҢАҚОРҒАН. Бесарық ауылдық округі тұрғындарының Наурыз мерекесіне аудан əкімі Ғ.Әміреев келіп, қарт Қаратау бөктеріндегі ауыл тойына жиналған жұртшылыққа тілегін жеткізді.
Ұлыстың ұлы күні ауданда спорттың 8 түрінен жарыстар өткізілді. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері аудан әкімдігі тағайындаған ақшалай сыйлықтарымен және аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің грамоталарымен марапатталды.
М.МЕРЕЙ.