Қазалы. Үстіміздегі жылдың 13 наурызы күні аудандық мәдениет Орталығында ақынын ардақтап, қаламгерін қадірлейтін қазалылықтар Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, көсемсөзші-эколог, қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, «Табиғат тамыршысы» атанған талантты Сыр перзенті Сайлаубай Жұбатырұлымен кездесу кешін өткізді.
Сайлаубай Жұбатырұлының шығармашылығына арналған мәдени шараны аудан әкімінің орынбасары Ғабит Бәймішев ашып, кештің қадірлі қонағына сый-құрмет көрсетті. Қазақстан Журналистер Одағының Қызылорда облысындағы бөлімшесінің төрайымы Қаршыға Есімсейітова, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шарападин Алтынбаев, №249 мектеп-лицейдің мұғалімі Анар Алпысбаева, Қазалы гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті Ақбота Тұрсын жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы ой толғап, лебіздерін білдірді. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі Ғалия Оспан, Бүкілодақтық әншілер байқауының жүлдегері Кенже-Әлі Асқар, «Қазалы жігіттері» тобы, термеші Жәнібек Құтмахановтар өнер көрсетіп, ән-жырдан шашу шашты. Шара барысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындаған «Сырдың сыршыл перзенті» атты ашық кітап көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды.