ҰСТАЗ ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы және татар этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен жүздеген шәкірт тәрбиелеген белгілі педагог Нағима Ахмадееваның 100 жылдығына арналған кеш өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов, Астана қаласындағы «Таң» татар-башқұрт орталығының жетекшісі Рафик Валиев, білім саласының ардагерлері, этномәдени бірлестіктің мүшелері және  шәкірттері қатысты.

Шара ең алдымен Нағима Ахмадееваның өмір жолынан сыр шертетін көрмеден бастау алды.

Облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов ұстаздың даралығын тілге тиек етті.

– Нағима Абдулқызы саналы ғұмырында білім саласында тер төгіп, ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек еткен ұстаз. Елеулі еңбегінің арқасында артына жарқын із қалдырды. Ол кісі тәрбиелеген ұрпақтар буыны аз емес. Олардың көбі еліміздің дамуына өз үлестерін қосты. Сондықтан ұстаздың есімі ел жадында мәңгі қалады деп білемін, – деді Р.Рүстемов.

“Рухани жаңғыру” орталығының бөлім басшысы Әлима Әбдіхалықова Нағима Абдулқызының өз ісінің кәсіби шебері, талай шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз болғандығын атап өтті. Үлкен жүректі ұстаз жайлы сала ардагері М.Подольский, Р.Хафизов пен №112 орта мектеп директоры А.Сейілханов та естелік айтты.

Салтанатты кеште Н.Ахмадиеваның Сыр бойындағы еңбек жолы басталғанын бейнелейтін көрініс қойылып, қонақтар сол дәуір тынысын сезінгендей болды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2018 г. 584 0