« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Асықты айтсаң, ауыл еске түседі. «Асық ойнап жатыр екен» десе, елең етпейтін қазақ жоқ. Осы бір сөздің өзі ауылда өскен қазақты жастық шаққа қарай жетелей жөнеледі. Көз алдыңа туып-өскен ауылдың мамыражай тіршілігі тізбектеліп келе бастайды. Кешкі салқынмен өрістен ауылға қайтқан малдарды қораға қамап, қозыны көгендеп қой мен ешкіні түгендеп жайғастырған соң ауыл балалары асыр салып асық ойнауға кірісіп кететін. Ауылды жерде қой көп, әр үйде дорба толы асық тұратын. Қора толы мал өз төліне емірене маңырап жатса, қораның айналасында шеңбер сызып, асық ойынға кіріскен ауыл балаларының сақ-сақ күлген көңілді шуылы ауылдың азан-қазан болып жатқан кешкі қарбаласының ажырамас бір бөлігіне айналушы еді. Осы бір көрініс ауыл деген үлкен картинаның ажырамас бір бөлігіне, ауылдың ажарын кіргізіп тұрған көрігіне айналып үлгергені қашан?!
«Қыз Жібек» фильмінде Сырлыбайдың немерелерімен «ханталапай» ойнап отыратын эпизоды бар. Бұл қазақ халқының дәстүрінен алынған. Асықты үлкен де, кіші де ойнай береді. Қысты күндері немерелерінің көңілін қимаған қариялар да, делебесі қозған әкелер де үй ішінде жанұясымен бірігіп, асық ойнайтын сәттері болған. Ойнаған адамға ерекше қуаныш сыйлайтын асық ойыны жас талғамайтындығымен ерекшеленеді. Бұл ойынның тағы бір айырмашылығы жастарға қосылып ойынның қызығына берілген шалдарды көрген адам оны ешуақытта ерсі қылыққа жатқызбайды. Ойнаған адамды да, тамашалаған адамды да тек өзінің мейіріміне бөлейтін бұл ойын сан ғасырлардан бері қазақ халқымен бірге жасасып келе жатыр. Асық ойыны үйдің ішінде де, аулада да ойнауға ыңғайлы әрі жеңіл ойынға жатады. Ойыншылардың денсаулығына салмақ түсіретіндей ауыртпалығы да жоқ, ойын барысында жарақат алып қалатындай қауіпті ойындардың қатарына да жатпайды. Асық ойнаған балаларға тек сүйсініп, бейғам көңілмен қарап отыра беруге болады.
Бұл ойынның баланың санасы мен ойын жетілдіруге, ширауға әрі мергендікке баулуға септігі тиеді. Қалалы жерлерде ойын алаңдарын жасап қойса, ауладағы балалар асық арқылы өзара тез тіл табысып кетуіне, булығып өзімен-өзі томаға-тұйық өсіп келе жатқан мінезі ауыр балалардың қоршаған ортаға тез бейімделуіне де көмегі болары сөзсіз. Аулада асыр салып асық ойнаған бала көпшіл болып өседі әрі тез сөйлеу, жылдам шешім қабылдай алу қабілеті де жетіле түседі. Бұл – қазіргі кезде қала жастарына аса қажет дүниелердің бірі. Технология дамыған сайын қала балалары қоршаған ортамен араласуы қиындап барады. Көпшілігі үйдің ішінде орнатылған интернет пен қалта телефондарына телміріп, төрт қабырғаға қамалған күйі күн кешіп жатыр. Мұндай бойкүйездіктің салдары ертең өскелең ұрпақты жарымжан адамға айналдыратыны сөзсіз. Әсіресе, ер балалардың санасының жетілуіне бұл ғаламтордың тигізіп жатқан кесірі жайлы қазіргі кезде көп айтыла бастады.
Жалпы адам баласы табиғатынан тыныштықты, бейғамдықты, қарыны тойса, жанын қинамай жата бергенді қалайды. «Қарыны тоқтық, қайғысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, қарыны тойған жас балалар бар қажеттілігін телміріп көгілдір экраннан ғана алып жатыр. Әке-шеше қанша тыйым салғанымен бұл әзірге нәтиже берер емес. Жылы-жұмсақты баласының аузына тосып үйренген ата-ана қатарынан кем болмасын деп телефон да алып, интернет те қойып береді. Тек баласының оқуын ғана қадағалайтын әке-шеше бар міндетінен құтылған сияқты ойлайды. Баланың қалай бой түзеп келе жатқанын назардан тыс қалдыратын жағдайлар қоғамда кеңінен орын алып отыр. Спорттық үйірмелерге беретіндер де көп, алайда баланың дамуына екі сағаттық спорт түрлерімен машықтану аздық етеді. Көпшілігі секциялардан шыққан бойда сол спорт түрлерін өзінше үйреніп, қызықтап кешенде қалып жатпайды, үйге келгенше асығады, үйге келе сала телефонды қайта қолға алады.
Қазіргі кезде асық ойнау еріккеннің ермегі емес, керегіңе жарата алсаң, балалардың назарын бір сәтке болса да ойынға бұратындай қазақтың оң жамбасына келетін оңтайлы тәсіл болғалы тұр. Тек бұл ойынды көптеп-көмектеп қолға алуымыз керек. Бір уақыт болса да, баланың назарын ұлттық ойынға аударса, өз ұлтының мәдениетіне деген қызығушылығын да оятар едік.
Тәуелсіздіктің арқасында қолданыстан шыға бастаған көптеген ұлттық дәстүрлеріміз қайта жаңғыра бастады. Солардың қатарында асық ойыны да бар. Қолға алу демекші, мұндай шаралар қазіргі кезде көптеген жерлерде қолға алынып жатқандығын да айтуымыз керек. Астана қаласында «Асық» федерациясы жеке шаңырақ боп құрылды. Өзімізде облыстық «Асық» қоғамдық бірлестігі 2016 жылы ашылды. Осылайша асық ойнау ісі республикалық деңгейде жандана бастады. Асық ойыны жанашырларының атсалысуымен облыстық, республикалық деңгейлерде жарыстар ұйымдастырылып тұрады. Ұйымдастырылған әрбір шараның өзіндік маңызы болады.
Жаңаруға тиісті әрбір ұлттық ойындарымызды насихаттай отырып, қазақтың бай мәдениетін шетелге таныту бағытында да жұмыстар атқара беруіміз керек. Осы бағытта бірқатар жұмыстар қолға алынып жатыр. Соның бірі «Рухани жаңғыру» орталығы №235 орта мектептің ұйымдастыруымен «Асық ойыны үйірмесінің тұсаукесері» атты мәдени-спорттық шара өткізді. Мектеп директоры Г.Абдазиева қонақтарды мектеп мұражайымен таныстырудан бастады. Мұндағы жәдігерлер келген адамдарды өзіне еріксіз тартады. Экспонаттарды 47 жыл бойына талмай жинаған Күләш апайдың еңбегін айрықша атап өтуге тұрарлық. Жалпы бұл мектепті ұлттық құндылықтарды ұдайы насихаттап келе жатқан белсенді ұжым деп айтуға болады.
Мерекелік концерттен соң «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Н.Мыңжас, орталықтың бөлім басшысы С.Қосанов сөз сөйледі. Асық ойынының ертеден бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жасампаз ойын екендігіне тоқталды. Артынан мектепаралық командаларға «Ұлттық ойынымыз – асық туралы не білеміз?» деген сұрақ-жауап ұйымдастырылды.
Сырттай бақылап отырған өзім асық ойынына бар ынтаммен кірісіп кете жаздадым. Бұл үлкенге де, кішіге де ортақ ойын екенін, онда ұлттық нақыш, сана-сезімді қаншалықты деңгейге көтеретін құндылық жатқанын ой елегінен өткіздім.
Бақыт ӘБЖЕТ,
«Рухани жаңғыру»
орталығының жетекші маманы.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |