« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
22 наурыз – Ұлыстың ұлы күнi. Бұл ұлттық мереке Қазақстанда ресми түрде 1988 жылдан бері тойлана бастады. Осы мезетте күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ ыстық буға бөгеді.
Халқымыздың жетi түрлi дәмнен наурызкөже жасайтын жақсы дәстүрі бар. Санамызда "наурызкөжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады" деген сенім қалыптасқан.
Бүкiл шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, күллі ел ауызбiршiлiкте болады.
«Ұлт жоқ, ұйысқан одақ қана бар» деген кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан бері 62 жыл уақыт бойы тамаша мерекенің бетін тұмшалап ұстап келді. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн жасалған шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының атын өшіруге әрекет етіп бақты. Ашаршылық жылдарында жарапазан жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналып, ашөзегін жалғауға сеп болыпты. Осының өзі-ақ, наурызға қатысты дәстүрлердің тіршілік тінінің үзілмеуіне қаншалықты қажеттігі барын сездіреді.
Тәуелсіздік перзенттерінің Наурыз мерекесін тойлауды бәрінен жоғары қоятыны байқалады. Бұл – біздің азат еліміздің санагерлік тәрбиесі.
Наурыз – түлеудің, түгенденудің басы. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластап отырған.
Мұқағали ақынның:
«Қарар емес наурыз атағына,
Алар емес ақпанды қатарына», – дейтін жыр жолдары бар. Ақын бұл өлеңде наурыз айының қуатын Құдіреттен алатын ерекше сипатын жеткізіп отыр.
Ұлы дала төсi бусанып, бел-белестер сілкінген құндыздың бейнесіне ұқсап жатады. Самал желге еркелеген көк өскінді көргенде ақ көрпесін лақтырып тастап, ұйқысынан керіле тұрған керім сұлудың жүзі елестейді.
Наурыздың келбеті осындай. Он бір айым бір төбе, бұл бір айым бір дара!
Заманымыз жасара берсін, Қазақстанымыз жасай берсін!
Р.ДҮЙСЕНҰЛЫ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |