« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
НЕГІЗГІ САЛАДАҒЫ НАҚТЫ МІНДЕТТЕР
Сырбойылық диқандар биыл 177,1 мың гектар жерге егiн егуді межелеп отыр. Осы бағыттағы дайындық барысы, агроөнеркәсіп кешенінің даму жайы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен мәжілісте талқыланды.
Қазір тұқым тазалау, оны себу дәрежесіне жеткізу, техника жөндеу жұмысы атқарылып жатыр. Қажетті минералды тыңайтқыштың 50,9%-і, гербицидтің 10,8%-і сатып алынды. Егін егу және дала жұмысына Үкімет биыл кепілді бағамен 14 мың тонна дизель бөлді. Ол кезең-кезеңімен жеткізіледі. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бақыт Жаханов мәлімдегендей, сұйытылған отынның тоннасы зауыттан 156 мың теңгемен босатылады. Сонда шаруашылықтарға жеткізіп беру құнымен қоса есептегенде литрі 142 теңге шамасында.
Сала жетекшісі аграрлық саланың соңғы бес жылдағы статистикасын келтіріп, біраз жетістік, алға жылжу барын атап өтті. Осы уақыт ішінде агроөнеркәсіп кешеніне 12,6 млрд теңге қаржы тартылып, 961 техника сатып алынды. 16 ірі инвестициялық жоба іске асырылды. Инвестиция көлемі 23 есе, тамақ өнімін өндіру мақсатында тартылған қаржы 5,1 есе ұлғайды. Күріш шаруашылығында рекордтық көрсеткіш жыл сайын жаңаланып отыр. Күріш өндірісі бес жылдан бері 54%-ке өсті. Мал азығындық, майлы дақылдардың егістік көлемі ұлғайды.
– Елбасы биылғы Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін кем дегенде 2,5 есеге арттыру міндетін қойды. Ол үшін еңбек өнімділігін жыл сайын кем дегенде 20%-ке арттырып отыруға тиіспіз. Яғни соңғы 5 жылдағы нәтижені біз бір жыл ішінде орындауымыз қажет, – деді басқарма басшысы.
Өндірістік негізде егілетін көкөніс, картоп дақылдарының көлемдерін ұлғайту және тамшылатып суару әдісін өндіріске кеңінен енгізудің тиімділігіне бүгінде мамандардың көзі жетті. Себебі, тамшылатып суару жүйесі арқылы, біріншіден, жер тегістеу, суармалы канал қазу сияқты қымбат та қиын шаруадан құтылуға болады. Екіншіден, бұл суды 30%-ке, тыңайтқышты екі есеге дейін үнемдеуге, үшіншіден, дақылдар өнімділігін 3 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Мал шаруашылығының қарқынды дамуын тежейтін негізгі фактор – малдың басым бөлігінің жеке адамдардың қолында болуы. Қазіргі күні ет пен сүттің 80%-ін жеке қожалықтар өндіреді. Сол себепті мал шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру үшін ұйымдастырылған шаруашылықтарға иек арту маңызды.
Егін шаруашылықтарын алаңдатқан ең басты мәселе – осы жылдан бастап егістіктің гектарына төленетін субсидияның қысқаруы. Дегенмен, аймақ басшысының араласуымен күрішке төленетін гектарлық субсидия 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін қалдырылып отыр. Одан кейін қайтарымсыз қаражаттың бұл түрі мүлдем тоқтатылмақ.
– Президент тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмдері негізінде тиімді несиелендіру бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Бұл шаруашылықтардың қаржылық-экономикалық жағдайына кері әсерін тигізбеуі үшін біз биылдан бастап әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мүмкіндіктерін пайдаланып, күріш шаруашылығын одан әрі дамыту жолдарын қарастырамыз, – деді облыс әкімі.
Агроөнеркәсіп кешенінің аяғына тұсау болып отырған бірден-бір себеп – өңдеу саласының дамымағаны десек, бұл бағытта да «Байқоңыр» корпорациясына ауқымды міндет жүктеліп отыр. Ал былтыр мал шаруашылығы саласында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін бірінші рет аталған ұйымға облыстық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Осыған байланысты мал шаруашылығы, құс еті мен жұмыртқа өндірісі қарқын алды. «Байқоңыр» ӘКК басқарма төрағасы Темірхан Кенжебаевтың айтуынша, балық шаруашылығы мен өңдеу кластерін дамыту бағытында көптеген жұмыс атқарылып келеді. Күріштен жаңа өнім түрлерін шығару да жоспарда бар.
Президенттің бес әлеуметтік бастамасының бірі – шағын несие беру көлемін көбейту. Елбасы тапсырмасына сәйкес, биыл шағын несиелендіру үшін қосымша 20 млрд теңге бөліну көзделген. Осы қаржы есебінен өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмеген жұмыссыздарды қаржыландыру, ауыл шаруашылығы кооперациясын әрі қарай дамытуға ден қойылады.
– Өткен жылы республика көлемінде тұрғындардың статусын белгілеу жұмыстары жүргізіле бастады. Нәтижесінде қазіргі кезде облыста өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз ретінде ресми түрде тіркелмеген 97 мыңнан астам адам анықталды. Басым көпшілігі – ауылдық елді мекендердің тұрғындары. Оларды жұмыспен қамту, өз кәсібін ашқысы келетіндерге жағдай жасау – міндетіміз, – деді аймақ басшысы.
Селекторлық режимде өткен жиында сала өкілдері, аудан әкімдері өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, алдағы жұмыстың жай-жапсарына тоқталды. Өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің президиум төрағасы Асқар Махамбетов қай ауылда қандай кәсіпті дамытудың тиімділігін білу үшін маркетингтік зерттеу жүргізу қажет екенін айтты. Қазалы ауданындағы «Сыр Маржаны» ЖШС директоры Мінәжадин Өтеев Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары шығарған күріш сорттарына көңілі толмайтынын жеткізді. Егуге жарамсыз болғандықтан, тұқымды алыс-жақын шет елдерден тасуға мәжбүр.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев тиісті сала басшыларына егіс көлемін әртараптандыру бағытында жұмысты жалғастыру, оңтүстік аудандарда жеміс-жидектер мен жүзімнің егіс көлемін арттыру, өндірістік жылыжайлар қатарын көбейту сияқты тапсырмалар жүктеді. Өңдеу зауыттарының айналасында сүт, ет, құс бағытындағы кооперативтер құру, ауыл шауруашылығы өнімін өңдеу саласына инвесторлар тартып, экспортқа бағытталған өндірістер құрудың да маңызы зор.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |