
Азаматтық қорғау қызметкерлері Жаңақорған ауданының №10 Өрт сөндіру бөлімі ғимаратында ашық есік күнін өткізді. Ашық есік күніне Жаңақорған кентінде орналасқан №163 орта мектебінің 9-10 сыныбының 47 оқушысы қатысты. Оқушыларға өрт сөндіру бөлімінің техникалары, құрал-саймандары, өрт сөндіру автокөлігі, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімі мен басқа да өрт сөндіру құралдары көрсетіліп, түсіндірілген болатын.
Сонымен қатар оқушыларға Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитеті Көкшетау техникалық институтының күндізгі оқу бөліміне оқуға шақыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, институтта оқу кезеңінде курсанттардың киім-кешекпен тегін мемлекеттік шәкіртақысымен қамтамасыз етілетіндігі жеткізілді. «Оқуға түсу шарттары» туралы жадынама таратылды.
Ашық есік өту барысында оқушыларға облыс көлемінде орын алып отырған тұрмыстық өрттер мен көмір қышқыл газынан улану факторлары туралы жеткізіліп, төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, арнайы дайындалған «Тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде», «Газ қауіпті» тақырыптарында үнпарақтар таратылды.
Жаңақорған ауданы ТЖБ