
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінде кеше «Наурыз-думан, наурыз-нұр» атты Наурыз мерекесіне арналған рухани-танымдық сазды шара болып өтті. Шараның мақсаты- ұлттық мерекенің тарихи, философиялық, этнографиялық мазмұнын танымдық көрмелер, сазды-хореографиялық қойылым, тақырыппен сабақтас ән, билер арқылы жан-жақты аша отырып, жас ұрпақты Ұлы Дала елінің ұлттық құндылықтарына құрметпен қарауға, оны заманауи жаңғыртуға тәрбиелеу. Мерекелік салтанатқа колледж ардагерлері, ұстаздар, студенттер, техникалық қызметкерлер, ата-аналар, БАҚ өкілдері қатысты. Наурызды мерекелеу үш бөлімнен тұрды. Алғашқы бөлім «Наурыз-тағылым» деп аталды.
Бұл бөлімнің «Наурыз тағылымы» деп аталатын көрме-шатыры мазмұнында мерекенің тарихи-танымдық мәнін ашатын зерттеу-жинақтау материалдары орналасқан. «Асыл мұра» атты көрме-шатырда қазақтың ұлттық, тұрмыстық болмысын танытатын бұйымдар қойылған , «Наурызға тарту» атты көрме-шатырда ұстаздар мен студенттердің қолынан шыққан заманауи ұлттық қолөнер туындылары көрініс тапқан Екінші бөлім «Наурыз-дәстүр» деп аталды. Бұл бөлімде мазмұнында Наурыз мерекесінде орындалатын ұлттық жоралғылар бар әдеби-сазды хореографиялық композиция орындалды. Үшінші ауқымды бөлім «Наурыз-думан» деп аталды.

М.Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжі директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайлыбаев Бақытжан Әбдіхалықұлы Наурыз мерекесінің тарихы мен тағылымы жайлы жан-жақты мағлұмат берді. Мерекенің тағы бір ерекшелігі-шараға облыстық мәслихат хатшысы Байқадамов Наурызбай Сейтқалиұлы қатысып, ұжымды мерекемен құттықтап, ұрпақ тәрбиелеудегі табысты еңбектері үшін оқытушылар Ұ.Қалиеваны ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин», С.Қожахметов пен Н.Темірбековті «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапаттады.
Мұнан соң қатысушыларға «Наурыз. Көктем. Думан!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Концертте «Япурай» хор ұжымы және «Нұргүлдің» бишілері «Біржан-Сара» операсынан үзінді қойып, қазақтың халық әндері, заманауи мерекелік әндер және өзге ұлттардың билері орындалды. Сонымен қатар мереке барысында қыз-жігіттер «Алтыбақанда» тербеліп, ұлттық спорттық ойындар көрсетілімі болды және жұртшылыққа наурыз көже ұсынылды. Ардагерлерге арналған «Наурыз дастарханы» жайылып, ерекше құрмет көрсетілді. Наурыз мерекесі барлық ардагерлерге, ұжымға көтеріңкі көңіл-күй, шаттық сыйлаған күн болды.