
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі, Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде жоғары деңгейде аталып өтілді. Дәстүрге айналған мерекені тойлау биыл 1күн емес 1 апта тойлау жоспарға енген.
Аптаның әр күнін маңызды шараларға арнаған мектеп ұжымы оқушылармен бірлесіп, алдымен «Қауышу» мерекесін атап өтті. Сол күні мектепке Н.Ілиясов ауылының әжелерінен құралған «Әжелер ансамблі», облысымызға белгілі бірқатар құрметті азаматтар, ардагерлер кеңесінің төрағасы қонаққа келіп, ұлттық мерекенің мән-маңызына тоқталып, салт-дәстүр, қауышу күні, туралы тұщымды ақпараттармен бөлісті. Келесі күн мектептегі шаңырақ қауымдастықтарының арасындағы спартакиадаға арналды. Тек білім алуды ғана мақсат етпейтін дарынды өрендер спорттық шараға да үнемі белсенділік танытады.
Бұл жолы оқушылар өзара арқан тартысып, қол күрестірді және «бөренедегі айқас» ойынында өз өнерлерін көрсетті. Одан кейінгі күн, мектептің 7-8-9 сыныптарының кураторлық сағаттарына арналды. Оқушылармен олардың ата-аналарды біріктірген тәрбиелік сағатта Наурыз мерекесі туралы қызықты ақпараттар мен бейнероликтер көрсетіліп, соңынан ұлттық тағамдар ұсынылған шағын дастарханнан келген қонақтар дәм татты. Биылғы «Наурыз» мерексінің ең ерекшесі аптаның соңында болды. Жылдағы дәстүр бойынша ата-аналар мерекенің концерттік қойылымын тамашалап, дастархан жаюмен ғана шектелген болса, биыл таңертеңнен мектепке жиналып, аулаға қазан-ошақ әзірлеп, мерекеге арнап 100 келіден астам бауырсақ пісірді. Оқушының тек сабақ жағдайына емес, мектептің қоғамдық жұмысына да белсене араласып жүрген аналар, бауырсақ пісіру мен қамыр жаюдың әдістерін қыз балаларға үлгі етіп көрсетті. Онан соң ата-аналар мен оқушылар, ұстаздар қауымы апталықтың қорытынды меркелік концертіне куә болды.
Жаhандану дәуірінің көшіне ілесіп, қадамын алшаң басқан тәуелсіз мемлекетіміздің даму жағдайына халықтың тек оң баға беретіні рас. Ақпараттық ағымның көшімен ілесу заманға лайық десек, ұлттық болмысымыз бен атадан мирас болып қалған баға жетпес құндылықтарымызды жоғалтып алмау бізге аманат екеніне ешкімнің дауы жоқ. Сондықтан ұрпақ санасында жыл санап жаңғыратын, ата дәстүр Наурыз мерекесінің өз деңейінде тойлануы көңіл қуантады.