
Қаламызда Темірбек Жүргенов атындағы №136 мектеп-лицейінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының құндылығын насихаттау мақсатында мұғалімдерге арналған семинар-тренинг өткізілді.
Білгенімен бөлісіп, біліктілігін арттыруға келген ұстаздарға алдымен мектеп ішінде шағын экскурсия ұйымдастырылды. Мектеп мақтаныштарының алғыс хаттарымен қапталған қабырға, кітап алмасып оқу мақсатында қойылған сөрелар мектептің сәнін келтіріп тұрғандай.
«100 нақты қадам» ұлт жоспары сынды ауқымды стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы алдыңғы мектептер қатарында болуды көздейтін бұл оқу орнында қазір де 120 ұстаз шәкірт тәрбиелеп келеді. Олардың ішінде Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали, Самал Әбдуәли, Кәусар Әли сияқты шахмат ойнаудан елімізді әлемге танытып жүрген ҚР және әлем чемпиондары бар. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді үш тілде жүргізіп, жаңартылған жүйе бойынша білім беріп, педагогтардың кәсіби дамуына үлес қосу үшін ұйымдастырылған семинарға қаланың №144, 101, 10, 7, 136 мектептерінің мұғалімдері қатысты. Түрлі тақырыпта баяндамалар оқылып, оқушы мен оқытушы арасындағы қарым-қатынасты жақсартуға байланысты тиімді әдіс-тәсілдер айтылды. Жұмыс мазмұнына сәйкес, практикалық сабақтар өткізіліп, семинар соңында ұстаздармен кері байланыс орнатылды. Сонымен бірге, «Өрлеу» АҚ және облыстық оқу орталығы ашық сабақ және коучинг өткізген мұғалімдерді марапаттады.
Жансая ҚЫДЫРБАЙ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті