Қызылорда қаласында санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын жүргізу мақсатында 15 наурыздан бастап тазалық айлығы жарияланды.
Осы орайда, Қызылорда қалалық ардагерлер және белсенді жастар ұйымдары ү н д е у жариялады.
Үндеуде былай делінген: «Құрметті қызылордалықтар!
Күз-көктем мезгілдерінде тазалық акциясын жариялау – жылдағы қалыптасқан дәстүрге айналды.
Биылғы жылы да Қызылорда қаласын санитарлық тазарту, көркейту – көгалдандыру мақсатында 15 наурыз – 17 мамыр аралығы тазалық айлығы болып жарияланды.
Тазалық айлығының наурыз айынан басталуында терең мән бар. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың айы. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек», «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын», - деген қанатты сөздер бар.
Сондықтан наурыз айынан қала аумағында, еңбек ұжымдарында аулаларды, көшелерді, саябақтарды, алаңдарды, гүлзарларды тазалау, күтіп-баптау, ағаштар отырғызу, жаңа саябақтар мен гүлбақтар жасау – әрбір қала тұрғынының азаматтық парызы.
Бұл орайда, қала тазалығы үшін бірлесіп, бірлікті істі қолға алу – барлық берекенің бастауы деп білеміз.
Жалпы әр күн, әр ай тазалық күні, тазалық айы болуы тиіс. Ортақ шаңырағымыз – Қызылорда қаласының тазалығы бұл ретте айлық шаралармен шектеліп қалмауы керек. Әрбір өзін, отбасын сыйлайтын адам тазалық жұмыстарын жылдың барлық мезгілінде жүргізеді. Қаланың әр тұрғыны өзі тұратын үйдің ауласын таза ұстаса, бұл олардың қала тазалығына қосқан үлесі.
Өздеріңіз білетіндей, қала тұрғындарының жақсы тұрмысы үшін игі істер атқарылуда. Көшелер кеңейтіліп, сәулетті ғимараттар бой көтеруде, жаңа демалыс орындары пайдалануға берілуде. Мұның барлығы да біздер - қала тұрғындары үшін.
Сондықтан барды қадірлей отырып, халқымыз үшін қастерлі де қасиетті Наурыз мерекесі қарсаңында туған қаласына құрметпен қарап, ел-жұртын жақсы көретін азаматтарды Қызылорда қаласының көркеюіне, абаттануына, еліміздегі ең таза қалалардың бірі болуына белсене атсалысуға шақырамыз.
Бұл біздің – қаламыз! Бұл – біздің Қызылордамыз!»