«ШАҢЫРАҚ» ЖОБАСЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМДЫҚ МӘНІ ЗОР

Облыстық білім басқармасының жоспарына сәйкес Е.Әуелбеков атындағы дарынды балаларға арналған №4 облыстық мектеп-интернатында  «Шаңырақ» жобасы негізінде тәрбие жұмысын жүзеге асырудағы инновациялық технологиялар» тақырыбында TED форматында диалог алаңы өтті. Онда рухани жаңғыру аясындағы бағдарламалар мазмұнын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбие үдерісіндегі «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығының әлеуметтік жобаларымен үйлестіру жайында сөз қозғалды. Сондай-ақ, шараға қатысушылар мектеп-интернат ұжымы әзірлеген «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығын оқу-тәрбие үдерісінде ұйымдастырудың Үлгілік нұсқаулығымен танысты.

 Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы  А.Қасымова, облыстық оқу (әдістемелік) орталық директоры С.Асқаров, облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры  Н.Мыңжас,  орталықтың «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы – Ә.Ж.Әбдіхалықова тақырып ауқымына сай ойларын ортаға салып, аталған жобаның жас ұрпақ тәрбиесіне ықпалы зор екенін жеткізді. Жалпы уақыт талабына сай осындай әлеуметтік жобалар арқылы ел ертеңіне еге болатын саналы азамат тәрбиелеу бағытында орамды ой-пікірлер ортаға салынды. Ал «Әлеуметтік жобалар  - тәрбие үдерісінде»  тақырыбындағы  жоба  жетекшілері мен белсенді оқушылардың «Туған елге тағзым», «100 кітап», «Көшбасшы», «Қоғамға қызмет ету», «Қазақ әндері» әлеуметтік жобалары бойынша назарға ұсынған таныстырылымы көпшілік көңілінен шықты.

TED форматындағы диалог алаңына облыстағы 46 инновациялық мектептің басшылары, оқу - тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, сынып жетекшілері қатысты.

  •                                                                                         Наргиза БЕКТАЙ,
  •                                   Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4 курс студенті.
  •  
  •  
  •  
  •  
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2018 г. 1 421 0