БОЛАШАҚ ТАЛАБЫ – ЖАН-ЖАҚТЫ БІЛІМ

    Сенбі күні №4 С.Сейфуллин атындағы қазақ орта мек­тебінде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы арқылы оқушыларды әлеуметтік маңызы бар іс-әрекеттерге машықтандыру» атты шара өтті.

Қала мектептері директор­лары­ның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысқан жиын­ның басты мақсаты – мақалада басымдық берілген алты бағытты кеңінен түсіндіру, осы бағытта салааралық байланыстарды кү­шей­те отырып, оның кешенді орындалуын қамтамасыз ету.

Шараны «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық басқару орталы­ғы «Тәрбие және білім» бөлімінің басшысы Әлима Әбді­халықова ашты. Ол ұлттық сана, жастарды тәрбиелеуде олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, оқушылардың уақытын тиімді пайдалануға үйретуді сөз етті.

– Бүгінде біз жасөспірімдерді әлеуметтік маңызы бар істерге машықтандыруға үлкен мән бе­ріп отырмыз. Өйткені, тәрбие және білім кіші бағдарламасы бойынша 5 базалық бағыт, 20 республикалық жоба бар. Осыған сәйкес, жобалардың мазмұнын түсіндіріп, оны нақты жүзеге асыру әдісін үйрету арқылы олардан көшбасшы дайындайтын боламыз. Сондай-ақ, бағдарлама негізінде  алдағы уақытта барлық білім беру мекемелерінде түрлі үйірмелер ашылып, өз жұмыстарын бастайтын болады. Мұндай бастама арқылы оқушылардың қабілетін арттырып, оларды уақытты тиімді пайдалануға бағыттаймыз, – дейді Ә.Жақыпқызы.

Мұнан кейін қатысушылар «Бәсекеге қабілет», «Білімнің салтанат құруы», «Прагматизм» бағыттары бойынша секцияларға бөлініп, семинар-тренингке қа­тысты. Семинарды «Рухани жаң­ғыру» орталығының бөлім басшысы Ә.Әбдіхалықова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың бизнес-инкубатор жетекшісі Жандос Оразмаханов, «Жастар ресурстық орталығы» КММ маманы Әділ Ыбырахим жүргізді. Онда білімді жастарды тәрбиелеу, жастарды өзін-өзі басқаруға үйрету, кәсіпке баулу жайы айтылды.

– Елбасы  биылғы Жол­дауын­дағы «Білім берудің жаңа сапасы» атты бөлімінде Оқушылар сарайының базасында бизнес-инкубатор желісін құру керектігі көрсетілген. Игі бастаманың қоғамға тигізер пайдасы мен экономикамызды жақсартуда орны ерекше болмақ. Себебі,  баланы ерте жастан кәсіпке баулып, бизнестің қыр-сырын түсіндірсек, болашақта әлемдік бәсекелестікке төтеп бере алатын мықты іскерлер легін дайындайтынымыз анық. Бұл өз кезегінде еліміздің дамуы мен жаһандық аренадағы позициясын бекітуге септігін тигізеді, – деген Ж.Оразмаханов оқушыларды бизнеске тартуда бейресми білім беруді, теория жүзінде емес, практикалық жағынан көрсетуге көңіл бөлуді, олардың бизнес жобасына бір кәсіпкерді ментор ретінде тағайындау туралы ойын білдірді. Үздік жобаға арнайы гранттар бөлуді қарастыру оқушылардың қызығушылығын арттыруға сеп болар еді.

Ал, жастардың көшбасшысы болып жүрген Әділ Ыбырахим оқушылардың тұлға ретінде қа­лып­тасуында біліммен қатар дұрыс бағыттың қажет екенін баса айтты. Осы тұста мектептерде оқушылар арасындағы мәслихат жұмысы қайта қолға алынады.

Осындай ауқымды мәсе­лені көтерген жиын соңы пле­нар­лық отырысқа ұласты. Оты­­рыста сөз алған «Жастар ресурстық орта­лығы» КММ ­ди­рек­торы Ж.Алдабергенов заман білімділердің дәуірі екенін, жастарға рухани білім мен тәрбие беруде  ұстаздар қауымының рөлі зор екендігін тілге тиек етті.

Айта кету керек, басқосу ба­ры­сында қатысушыларға ұлт­тық қолөнер мен ­робототехника бұйымдарының көрмесі ұйымдас­тырылып, оқушылардың талантын ашуға, ынта-жігерлерін оятып, қызығушылықтарын арттыруға мүмкіндік жасау жайы да сөз болды. Жалпы жиыннан түйгеніміз, бала тәрбиесінде ұтымды жұмыс жүргізілуі қажет. Сонда ғана олардан білікті де білімді  ұрпақ өсіп шығары хақ.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 ақпан 2018 г. 537 0