Елбасы биылғы Жолдауында Қазақстанда бензинді, дизель отынын, авиация керосинін молынан өндірудің қажеттілігі туындап отырғанын, сондықтан жаңа мұнай өңдеу зауытын салу керек екенін айтқан болатын.
Қазақстан – әлемдегі мұнай өндіруші елдердің бірі. Қазіргі таңда елімізде шамамен жыл сайын 80 млн. тонна шамасында мұнай өндірілу үстінде. Бұл көрсеткішті алдағы жылдары арттыра беру міндеті тұр. Елімізде қазіргі таңда үш мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейтіні белгілі. Олар Павлодар, Шымкент және Атырау қаласында орналасқан. Қазіргі кезде осы үш мұнай зауытында да жаңғырту жұмыстары жүруде. «ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың айтуынша, зауыттарды жаңғырту – заман талабы. Еліміз еуро-4 және еуро-5 талаптарына көшуі тиіс. Сонымен қатар бүгінгі жағдайда 5-6 млн. тоннадан аз мұнай өңдеу экономикалық жағынан тиімсіз. Жаңғырту жұмыстарынан кейін Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуаты 7 млн. тоннаға, Шымкент зауыты 6 млн. тоннаға, Атырау мұнай өңдеу зауытында 5 млн. тоннаға өсетін болады. Зауыттарды жаңғырту ісі 2016 жылдың екінші жартыжылдығында аяқталады деп күтілуде. Ал бүгінгі уақытта Қазақстан шамамен 1,6-1,7 млн. тонна ашық түсті мұнай өнімдерін импортқа шығарып отыр. 2022 жылы Қазақстан өзінің ішкі нарығын ашық түсті мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуі тиіс деген меже қойылған еді. Бұл істе жаңадан салынатын зауыттың да үлесі болатыны анық. Сонымен бірге ондағы өңделген мұнай өнімдерінің біраз бөлігі экспортқа шығатын болады.
Әрине, мұнай өңдеу зауыты өте ірі нысан, әрі күрделі технологиялардан тұрады. Оның салып іске қосуға кемінде төрт-бес жыл қажет. Жоғарыда атап өткеніміздей, министр жаңа зауыттың өнімдері сыртқы нарыққа шығарылатынын атап өтті. Оның болашақ өнімдері қай мемлекеттерге таралуы ықтимал?! Солтүстік көршіміз Ресей мұнайдан таршылық көріп отырған жоқ. Сондықтан ол жаққа тасымалдаудың мәні жоқ. Қытай технологиясы мен жұмыс күші арзан болғандықтан бәсекеге қабілетті зауыттары көп. Батыста инфрақұрылымы өте күрделі Каспий теңізі жатыр және бұл бағытта Әзірбайжан мемлекетінің бәсекеге қабілетті зауыттары жеткілікті. Сондықтан біздің негізгі экспорттық әлеуеті бар нарығымыз оңтүстік бағыт болмақ. Олар Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан мемлекеттері. Бұл нарықта да Ресей өзінің экспорттық қуаттарымен жұмыс жасауда. Десе де осы мемлекетпен бәсекелесте жұмыс істеу керек болады.
Қазіргі күні жаңа зауыттың қай облыстан салынатыны белгісіз болып отыр. Десе де, жаңа мұнай өңдеу зауытын біздерде салуға болады деп 4-5 облыс тиісті орындарға тапсырыс беріп қойған. БАҚ-тың айтуынша, олардың қатарында Маңғыстау облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы және Жезқазған қаласы бар. «Самұрық-Қазына» АҚ басқармасының төрағасы Өмірзақ Шөкеев жуырда жаңа мұнай өңдеу зауыты тұтынушыға жақын орналасуы тиіс екенін айтып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда оңтүстік елдерге жақын орналасқан Жамбыл және Қызылорда облыстары. Зауыттың мұнай кеніштеріне жақын болғанының да өз тиімділігі бар. Бұл ретте Қызылорда облысы артықшылықтарға ие екені белгілі. Біздің облыс мұнай өндіру көрсеткіші жөнінен елімізде үшінші-төртінші орындарда. Маңғыстау облысының көрсеткіші бізден артық, бірақ оңтүстік аудандардан қашықта жатыр. Жезқазған қаласынан Жезқазған-Бейнеу темір жолы салынуда. Бұл мәселе де ескеріліп қалуы мүмкін. Жамбыл облысының да жаңадан мұнай кеніштері барлануда. Осы жағдайларды және тиімді аймақта орналасқаны ескеріліп, зауыт құрылысы бұл өңірлердің бірінде бой көтеріп қалуы ықтимал.
Жаңа мұнай зауытын өз қаласында салуға тапсырыс берген облыстардың үкілі үміті, дәлелі мен дәйегі жеткілікті екені белгілі. Мұндай алып кешен жерімізде бой көтеріп жатса, халықтың игілігі болмақ. Алайда, барлық жағдайды елеп-екшеп ақырғы шешімді шығаратын ел үкіметі болмақ. Қалай болғанда да салынатын жаңа зауыт еліміздің экономикасын арттыруға жұмыс істейтіні белгілі.