Болашақтың бағдары

Қазіргі мектеп оқушыларының 65 пайызы болашақта пайда болатын мамандық иелері. Жақында шетел басылымдары енді робо­этика бойынша адвокат, IT-генетик, нейропсихо­лог, медициналық роботтехник, виртуалды өмір архитекто­ры секілді мамандықтар болатынын хабарлады. Демек, мектеп партасындағы біздің бүлдіршіндер бәсекеге дайын болу үшін жаңартылған білім беру жүйесі қажет.  «Бастауыш, орта білім беру жүйесін жаңартылған бағдарлама негізінде оқыту» атты ғылыми-әдістемелік семинарда  жаңа білім беру жүйесі талқыланды. 

Семинарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қылышбай Бисенов Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында 7-міндетті адами капитал жаңғыру негізі деп атағанын, білім арқылы ғана жаңа мүмкіндіктерге қол жететінін айтты. Шараға қатысқан Қорқыт ата атындағы ҚМУ, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Мұрагер», С.Толыбеков атындағы №3 мектеп-лицей оқытушылары әр пән бойынша білім беру ерекшелігіне, кретериалды бағалау мүмкіндігіне тоқталды.

«Бұрын көбінесе фундаментальді бағытта жүргенбіз. Бала формуламен жұмыс істей біледі. Бірақ сол формулаларды өмірде қолдана білмейді. Қазіргі бағдарлама бойынша оқушының ойлау деңгейін дамытып, білімді өмірде пайдалануға үйретеміз. 1-сыныптарға жаратылыстану пәнін енгізу арқылы химия, биология, физика туралы ғылыми түсінік қалыптастырамыз», – деді «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының Қызылорда қаласындағы филиалының тренері Жайнагүл Жансүгірова.

Айта кетейік, өткен жылдан бастап 2,5,7-сынып оқушылары жаңартылған білім беру жүйесі бойынша оқытылуда.

Айдана ЖҰМАДИНОВА, 

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 ақпан 2018 г. 812 0