Сәбилерге сыйлық

Күмбірлеген күй кез келген жанды елең еткізбей қоймайды. Сондайда қазақтың үніне айналған аспапты тек мерекелік кештер мен жиындарда ғана қолға алатынымыз еске түседі. Осы олқылықтың орнын толтыруды көздеген облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы және облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен «Домбыра Fest» домбырашылардың шеберлік сағаты өткізіліп, оған Қорқыт ата атындағы ҚМУ өнерпаздары мен Қазанғап атындағы музыкалық колледждің күйші студенттері атсалысты.


Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаласына орай өткен шарада    арнайы топ алдымен   «Ана мен бала» орталығында болып, өмірге енді келген сәбилерге қазақтың киелі домбырасын сыйға тартты.  «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас аналарды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Әрбір домбыраға баланың есімі жазылған.  Бұл сый нәрестелердің алғашқы сыйы болды. Ұйымдастырушылар домбыра сыйлау арқылы жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды бойына сіңіре отырып, ата-ананың қазақы тәрбие беруіне ықпал ететінін жеткізді. Шарада  20 балаға  20 домбыра берілді. Аналар күй тыңдап, алғыстарын айтты. Мәселен, қала тұрғыны Әсия Досжанова дүниеге 5 перзент әкелген. Өмір есігін енді ашқан сәбиінің қазақтың киелі домбырасын сыйға алғанын жақсы ырымға балаған ол  нәрестелер болашақта Сыр елінен  шыққан белгілі сүлейлердің ізбасары болсын деген ниетін де айтып өтті.

Мұнан кейін топ қаладағы Қ.Мұхамеджанов атындағы №1 мектеп-гимназияда болды. Жас домбырашылар «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін орындады. Ал, жыршы Әділхан Қуаңбаев, Ізбасқан Дәулетханұлы, Жанболат Өмірзақ  Дүр Оңғардың термесін, Жаңабергеннің жыр бастауын, Нартайдың термесін нақышына келтіре орындады.  Шеберлік сағатынан шабыт алған мектеп оқушысы Әмина Досай  домбыра үйірмесіне жазылатынын айтты.  Мектеп ұжымы шара ұйымдастырушыларына алғыстарын жеткізіп, алдағы уақытта да мұндай игі бастаманы  жалғастырып, кездесулер өткізіп тұруға ниетті екенін жеткізді.

Шеберлік сағаты Қорқыт ата атындағы ҚМУ бірінші оқу ғимара­тында қорытындыланды.     Жалпы, бұл шараға  қаладағы «Қолөнер» ұлттық дүкені мен «Ұшқын» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасап, қолдау білдірді. 

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 ақпан 2018 г. 548 0