ТӘРБИЕ – ТАЛ БЕСІКТЕН

Қаламыздағы Саяхат мөлтек ауданында орналасқан “Сыр бөбегі” балабақшасы “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында отбасына оң көзқарасты қалыптастыру, ата-аналар жауапкершілігін арттыру және оларға қолдау көрсету мақсатында “Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі” тақырыбы аясында дөңгелек үстел өткізді.

 Шараға келген қонақтарды балабақша қызметкерлері қазақтың домбыра, қобыз сынды музыкалық аспаптарымен әуен орындап күтіп алып, ата-аналар мен тәрбиешілердің бірлесіп жасаған түрлі қолөнер бұйымдарымен толтырылған көрмемен таныстырды. Балалардың әр түрлі жарыстардан алған алғыс хаттары ілінген үлкен дәліздің соңында қазақы бұрыш орналасқан. Онда ұлттық киім, оюлы сандық, қамажай киген қуыршақ, күбі, қазан сияқты көптеген көрнекілік құралдарын балабақша қызметкерлері өз қолымен жасаған. Нағыз қазақша дастарханнан дәм татамын деушілерге қолдан жасалған ұлттық тағамдар әзірленген. Ал “Туған жер – тұнған тарих” тақырыбында көлеңке театрының қойылымы көпшілікті таңқалдырды.

Гүлдана Бегманова, әлеуметтік педагог: Мұнда тәрбиеленіп жатқан балалар әр түрлі үйірмелерге қатыса алады. Мысалы, балалар жақсы көретін “көңілді палитра” сурет салу үйірмесінде тек қарандашпен ғана емес, тұзды бояумен, көпіршіктермен де сурет салуды үйретеді. Оны арнайы бейнелеу өнерінің маманы үйретеді. Нәтиже де жоқ емес. Балабақшаішілік жарыстарда, қалалық жарыстарда үнемі жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді.

  Бұл балабақшада ұлттық сипатқа баса назар аударылған. Баршаға белгілі “шахмат” ойынын мұнда асықпен ойнап үйретеді. Сонымен бірге, “Асық терапиясы” деп аталатын үйірмеде түстерді ажырату, оларды санау сияқты жаттығулар орындалады. Тәрбиешілердің айтуынша мұндағы балалар зерттеу жұмыстарына көп қызығушылық танытады. Оның дәлелі Сабырхан Ерасыл есімді бүлдіршін күрішке аса қызығушылық танытып, мұғалімдерімен бірге күріш зауыттарын да аралаған. Бұл баланың өзі шешім қабылдауға, өзгенің еңбегін бағалауға деген көзқарасын қалыптастырады. Шара соңында балабақша жұмысына ризашылық білдерген ата-аналар шашу шашқанда ұлттық болмысыз одан әрі ашыла түскендей болды.      

 

                                                                                     Жансая ҚЫДЫРБАЙ,

                                     Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4-курс студенті

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 ақпан 2018 г. 625 0