ЖАҢА ӨКІЛ ИМАМ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

23 ақпан күні облысқа жұмыс-сапарымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Сатыбалдыұлы Ораз қажы келді. Сапар барысында С.Ораз облыс әкімінің қабылдауында болып, аймақтың діни ахуалы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінде жұма намазын жүргізіп, облыстың жаңа өкіл имамы ретінде тағайындалған Әбуов Болатбек Ұласқанұлын таныстырды.
ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі және «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы қызметіне Әбуов Болатбек Ұласқанұлы тағайындалып отыр. Болатбек Әбуов қызмет жолын Байқоңыр қаласындағы «Жәрімбет ишан» мешітінде азаншы, ұстаз, наиб имам болып бастаған. Одан кейін Нұр-Мүбәрак Египет ислам мәдениеті университетінде референт-аудармашы, оқытушы және ректордың әкімшілік және халықаралық істері жөніндегі көмекшісі, аппарат жетекшісі, бас хатшы қызметтерін атқарған.
– Болатбек Ұласқанұлы – білімді, һәм білікті азамат. Қызмет жолын өзінің туған топырағында бастап, кейіннен ұстаздық жолда талай діни қызметкерлерді дайындауға атсалысты. Ғылым жолындағы, діни қызмет саласындағы мол тәжірибесі мен іскерлігін көненің көзі болған осы бір қасиетті Қызылорда елінің руханиятын әрі қарай жетілдіруге жұмсайды деп сенемін. Еліміздің бірлігі мен ынтымағы, діни тұрақтылығы мен рухани жаңғыруы жолында атқарар қызметіне сәттілік тілеймін, – деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.
Бас мүфти жұма намазында мешіт ұжымы мен жамағатқа жаңа өкіл имамды таныстырып, жаңа қызметте табыс тіледі.

Шынар БЕКБАН,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 26 ақпан 2018 г. 589 0