Қызылордадағы мектепте үзіліс кезінде қоңырау орнына домбыраның үні естіледі

Жарық дүние есігін жаңа ашқан нәрестенің тұңғыш алған сыйлығы домбыра. Сыр өңіріндегі ана мен бала орталығында дүниеге келген 20 сәбиге қазақтың төл аспабы тарту етілді,-деп хабарлдайды "24 kz" арнасы.

 Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен өткен шараның көздегені – өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарды жастайынан сіңіру.

«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деген шумаққа сүйенген ұйымдастырушылар халықтық педагогикада ұлттық аспабтың алар орны ерекше екенін айтады. Болашақ қамшы ұстар ұл мен кесте тігер қыз балалардың санасында домбыраның сазды үні үнемі жаңғырып тұруы тиіс.

Нұрлыбек Мыңжас, «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы:

- Әр домбыраға дүниеге келген сәбидің атын жазып, қолына табыс етілді. Ұлттық болмыстан ажырамасын деген мақсатпен осындай жұмыстар ұйымдастырып жатырмыз.

 «Домбыра Fest» домбырашылар флэшмобы қала мектептерінде де дүркіреп өткізілді. Білім беру ұйымдарында «Дидар» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің өнерпаздары Сыр сүлейлерінің делебені қоздырар туындыларын орындады.  

Қамбар Бекенов, тілші:

- Қаладағы №1 Қалтай Мұхамеджанов атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары рухани мән-маңызы ерекше қанатқақты жобаны қолға алып отыр. Білім ордасында енді сабақ арасындағы үзілісте сыңғырлаған қоңырау соғылмайды. Оның орнына ұлттық өнердің мәйегі саналатын күмбірлеген күй ойналады.

Тоғжан Арын, оқушы:

- Қазақ даласының музыка өнеріне деген байлығы өзіме сезілді. Сабақтан шаршағанымыздың барлығы осы музыканы тыңдаған кезде барлық ойымыз бөлініп, музыкаға мән беріп, жақсы сергіп қалдық.

Шара аясында жоғарғы оқу орындарының студенттеріне шайыр-жыраулардың өнегелі өмірі баяндалып, ұлттық аспаптар бойынша шеберлік сағаттары өткізілді. Сондай-ақ аймақтағы кенже қалған домбыра үйірмелерінің жұмысын жандандыру жоспары пысықталды.


Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 ақпан 2018 г. 637 0