КӨКТЕМ МЕН ЖАҢАРУДЫҢ БЕЛГІСІ

«Достық үйінде» «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Масленица» мерекесі өтті. Дәстүрлі Масленица – қысты шығарып салу мен көктемді қарсы алуға арналған, бір апта бойына жалғасатын мереке. Шараға облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының, этномәдени бірлестіктің мүшелері, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың мән-мағынасын ұғынған әртүрлі этнос өкілдерінің мейрамдары біздің өңірде жыл сайын тойланады.
Салтанатты шарада «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уәлихан Ибраев барлық қатысушыларды мерекемен құттықтады. Ал, «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігі жетекшісінің орынбасары Татьяна Данилина ортақ шараларда белсенділік танытып жүргендерге ризашылығын білдіріп, бірлестік атынан сый-сияпат көрсетті.  
Масленица – бір күн емес, бір апта бойы тойланды. Әрі әр күнді  тойлаудың өзіндік ерекшелігі болды.
Әсем ән де, көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтіре түсті. Шарада «Сударушки» вокалды ән тобы өнер көрсетіп,  флеш моб билер орындалды. Сондай-ақ, тәттілер мен қолөнер туындылары көрмеге қойылды. Мерекенің дәстүрлі тағамы – құймақ тұрғындарға тегін таратылды. Шеңбер пішіндес құймақ күн бейнесін кескіндеп, көктем мен жылылықтың символын, мерекенің бұлжымас белгісін айшықтады. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, қуыршақ жағу рәсімін де көпшілік қызыға тамашалады.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 ақпан 2018 г. 890 0