
2017 жылды қорытындылаған департамент басшысы жоспарлы тексерісті азайта отырып, аймақтағы тауар өндірушілер мен қатар тұтынушыларға да түсіндірме жұмыстарының жүргізілетінін жеткізді. Оның айтуынша, өткен жылы 43 іріктеу және жоспардан тыс тексерулер жүргізілген. Оның 35-де заң бұзушылық анықталып, 329 өлшем құралының қолдануға жарамсыздығы белгілі болған.
– Техникалық реттеу саласының негізгі мақсаты – өнімдер мен оларға байлайнысты процестің адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға қауіпсіздігін, отандық өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және нарықты қорғау. Бұл ретте біз жоспарға сай, қызмет көрсетуші кәсіпорындарда, ірі сауда орталықтары мен базарларда, облыстың барлық аудандарында сапа менеджмент жүйесін енгізу, техникалық реттеу және метрология жүйесі талаптары мен өнімдерді каталогтау бойынша жұмыс жүргізіп, стандарттау саласындағы жаңадан енгізілген нормативтік құжаттарды көпшілікке таныстырдық. Қандай заттың не өнімнің стандартқа сәйкес келмейтінін, қойылатын талап қандай екенін халыққа жете түсіндірдік, – дейді Е.Кеулімжаев.
Бүгінде өңірдегі кәсіпорындар шығарған 96 түрлі өнім өнімдердің каталогтау жүйесіне енген. Аймақта 466 мекеме мен кәсіпорын халықаралық стандарттар мен сапа менеджементі жүйесіне енсе, экологиялық стандарттар алу үшін – 171, кәсіби қауіпсіздік және еңбек қорғау менеджемент жүйесіне – 73, энергоменеджементке 3 мекеме енгізілген. Кеден Одағы аясында қабылданған 37 техникалық регламент талаптарының сақталуына орай жүргізілген тексеріс аясында 17 сынақ орталығы мен зертхананың және 8 метрологиялық зертхананың, 1 сәйкестікті растау органының жұмыстары зерделенген.
Жалпы жыл бойынша тұрғындар тарапынан 12 шағым түссе, оның барлығына тиісті шаралар қабылданып, тұрғындар тілегі қанағаттандырылды.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
“Сыр бойы”.