МЕРЕЙТОЙДА – МУЗЕЙГЕ САЯХАТ

Қызылорда қаласының 200, «Халық банк» акционерлік қоғамының 95 жылдық мерейтойына орай, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музейге саяхат» атты мәдени акция өтті. Қала жұртшылығының екі күн бойы мұражайды тегін аралап, танысуына мүмкіндік берген шараға «Халық банк» акционерлік қоғамы демеушілік жасады.
Қала тұрғындары Сыр өңірінің тарихы, мәдениетімен танысып, жуырда ашылған «Қасиетті Қазақстан және археология» залын тамашалады. Шараға қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов қатысып, ұлттық құндылықты ұлықтап, мәдени мұраны насихаттайтын мұндай акцияның маңызы зор екенін атап өтті. «Музейге саяхат» банктің ұйымдастыруымен өткен алғашқы шара емес.
− «Халық банк» АҚ «95 игі іс» фестивалін  желтоқсан айынан бері өткізіп келеді. Банк ұжымы ең алдымен облыстық балалар ауруханасындағы науқас балалардың көңілін көтеріп, сыйлық таратты. Ал қаңтар айында «Мұз айдыны» спорт кешенінде 3000-ға тарта бүлдіршіннің тегін сырғанауына демеушілік жасады. Балалар – біздің болашағымыз. Мұражайдағы акция қаламыздың мерейтойына орай, қала тұрғындарына сый ретінде, әсіресе оқушылардың қоғамға пайдалы тұлға болып қалыптасуы үшін ұйымдастырылды, − дейді «Халық банк» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Торғын Бейісова.
Білгенімен бөлісуге асығатын балақайлар тарихи жәдігерлерге, орта ғасырда өмір сүрген халықтың тұтынған заттарына, ғарышкерлердің киіміне қызығып, «Барсакелмес» қорығындағы жануарларды өз көзімен көргендерін тамсана баяндады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 ақпан 2018 г. 1 183 0