
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының аясында қабылданған «Туған жер» бағдарламасы өлкеміздің тарихын терең танып, бағзы заманнан жеткен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, бүгінгі ұрпақ қолына табыстауға бағытталған. Бұл орайда Алаштың анасы – Сыр өңірінде ұлт тарихының түп тамырынан бастау алған таңғажайып деректер мен мәдени құндылықтар жетіп-артылады. Тек олардың сынын бұзбай, зерттеп, зерделей білу қажет.
Қаладағы Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен «Мәңгілік ел және ұлы дала құндылықтары» атты «дөңгелек үстел» шарасында «Туған жер» бағдарламасының аясында өңірімізде іске асырылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары талқыланды.
Басқосуда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Дастан Сәтбай Елбасы Жолдауының мазмұнын жастарға жан-жақты түсіндіре келіп, ұлттық жаңғырудың қазақстандық моделін қарқынды іске асыру бүгінгі жастар бойынан жігерлілік пен жауапкершілікті талап ететінін айтты.
– Өнеркәсіптік революция дегеніміз – цифрлы технологияны кеңінен қолданысқа енгізіп, инфрақұрылымды дамыту. Бұл орайда жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік технологиялық ортаға бейімдеудің маңызы зор. Дамудың жаңа мүмкіндіктерін іске асыруда халықаралық талаптар деңгейіне сай цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңғыртуымыз қажет. Дәл қазіргі таңда бұл өте ұтымды бастама екені сөзсіз, – деді ғалым.
Бұдан әрі тақырып төңірегінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Меруерт Аңсатова тарихи таным тұрғысынан пайымды пікірін білдірді. «Мәңгілік Ел» идеясымен сабақтас рухани жаңғыру бағдарламасының астары ұлттық кодты, ұлттық бірегейлікті сақтау екенін айта келіп, ол үшін тарихымызды терең танып, дәстүр құндылығын дәріптей білуіміз қажеттігін алға тартты. Ал «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Тасболат Медетбаев «Ұлы даланың ұлылары» тақырыбында хабарлама жасаса, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек Сыр бойының киелі жерлері жайлы таңғажайып сырға толы тартымды деректерді назарға ұсынды. Рухани жаңғыру бағдарламасының аясында ұлтымыздың осынау тарихи құндылықтарын берісі түркі әлемі, әрісі жалпы әлемдік деңгейде насихаттаудың маңыздылығы айтылды.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».